Жаңа Конституция жобасы талқыланды

0 1

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру жұмыстары аясында Абай облысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері іссапармен болып, аймақ тұрғындарымен кездесу өткізілді. Жиынға шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, саяси партиялардың өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталып, олардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы, заң үстемдігін нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы атап өтілді.

Келелі кездесуді облыс әкімі Берік Уәли ашып, Жаңа Конституция жобасын кең қоғамдық талқылаудан өткізудің маңызын атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістер өңірлік басқару жүйесіне тікелей әсер ететінін айтты. Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы барынша ашық әрі қоғамның кең қатысуымен жүргізілгенін жеткізді.

– Жаңа Конституция жобасының мәтіні – жарты жыл бойы жүргізілген қоғамдық талқылаудың қорытындысы, Конституциялық комиссияның 130 мүшесінің және өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдаған мыңдаған азаматтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан оны бүгінде халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ Ерлан Қарин ұсынылып отырған жаңашылдықтар барлық басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және билік институттарының өкілеттігі мен жауапкершілігінің нақты теңгерімі арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол жобада айқындалған заманауи басымдықтарға ерекше тоқталды. Олар – цифрлық трансформация, адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияларды мемлекеттің ұзақмерзімді өркендеуі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде қолдау көрсету. «Жаңа Конституция еліміздің дамуына тың серпін, жаңа бағыт беріп, тарихымыздың жаңа кезеңін ашады», – деді Ерлан Қарин.

Келесі кезекте сөз алған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Ата Заң жобасы барлық меншік нысанын қорғау, ұлттық заңнаманың басымдығын айқындау және ұлттық валютаның маңызын бекіту арқылы экономикалық кепілдіктерді күшейтеді. Бұл бизнес пен инвестиция үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастырады. Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Конституцияның жаңа редакциясында білім, ғылым және инновацияларды дамыту мәселесі стратегиялық басымдық ретінде бекітілгенін атап өтті. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров болса заң шығарушы билікті жаңғырту және Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейту мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл билік институттарының есептілігін арттырып, азаматтардың құқығы мен бостандығына қатысты кепілдікті нығайтуға бағытталып отыр.

Халықтың да пікірі маңызды. Облыс тұрғындары атынан сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін, осылайша мемлекеттің тұрақты әрі кезең-кезеңімен дамуына негіз болатынын мәлімдеді.

Келелі жиынға қатысып, өз ойларымен бөліскен өңір тұрғындары Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға деген сұранысын айқындайтынын атап өтті. Құжат азаматтардың тұрмысын жақсартуға және әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталғанын айтты. Абай облысының жұртшылығы кездесу қорытындысында Жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізіп, референдумға қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын айтты.