«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өңірлерде жастардың араласуымен көп жұмыс атқарылуда. Мұндай белсенділікті Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенттері де танытып келеді. Жуырда студенттердің қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Бүгінгі тазалық – ертеңгі тұрақтылық» атты экологиялық іс-шара өтті.
Бұл акцияның мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Акцияға аталған университеттің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы белсене қатысты.
Жастардың бастамасына қала әкімі Әмірхан Асанов та қолдау білдірді. Студенттер мен жоғары оқу орнының оқытушыларының алдында сөйлеген сөзінде қала әкімі экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың аса маңызды екендігін, қазіргі таңда елімізде тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға баса назар аударылып отырғанын айтты.
Сондай-ақ шаһар басшысы биыл қалада шоқтықты іс-шаралар көптеп өткізілгелі отырғанын жеткізді. Атап айтсақ, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің – 95 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіледі. Дәстүрлі «Мың домбыра» іс-шарасы жалғасын табады. Сонымен қатар биыл облыстық спартакиада жалауын Арқалықта желбіретеді. Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы жоғары сән салтанатымен аталып өтілмек.
– Бүгінгі күні қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы қаралған 1,5 миллиард теңгеге 32 көпқабатты үйдің қасбеттері боялып, қабырға аралық жіктері бүтінделді. 9 көпқабатты үйдің сырты қапталды. 30-дан астам үйдің төбесі жөнделді. Жалпы соңғы үш жылдың ішінде қала бойынша 100 көпқабатты үйдің төбесі жөндеуден өтті. Бұл қаламыз үшін көптен шешімін күткен үлкен мәселе болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады, –деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Университет ректоры Талғат Ешжанов ұжымға үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып отырған қала басшысына алғысын білдіріп, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының бір реттік іс-шара емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі маңызды жұмыс екенін атап өтті.
Акция аясында ұйымдастырылған жиында шаһардың экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы және «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттары жөнінде түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Осыдан кейін студент жастар саябақтар мен аллеялардың айналасының көріктендіру, көгеріштендіру іс-шарасына белсене қатысып, айналаны күл-қоқыстан тазартты.