Жамбыл облысының ауылшаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны жалпы мал басы 3,7 миллион басты құрап, 2,7 пайызға артты. Мүйізді ірі қара саны 441,6 мың басты құрап 2,8 пайызға, қой саны 3,1 миллион басты құрап 4,4 пайызға, жылқы саны 197,2 мың басты құрап 13,3 пайызға, құс саны 2,3 миллион басты құрап, 18,6 пайызға артты.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада 230 мың тонна сүт өндіріліп 1,6 пайызға, 133,3 мың тонна ет өндіріліп 2,6 пайызға артқан. Нәтижесінде, мал шаруашылығында – 220,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 1,9 пайызға өсім көрсетті.
Өткен жылы 6603 тонна ет өнімдері өндірілді. Ол Ресей, Қырғыз және Таяу шығыс мемлекеттеріне экспортталды. Бұдан бөлек, 20841 мал басы экспортқа шығарылды, оның 12136 басы мүйізді ірі қара, 6725 басы қой-ешкі, 1671 жылқы 309-ы басқа жануарлар. Экспортталған елдер Өзбекстан мен Қырғыз Республикалары.
– Облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Сондай-ақ 50 бастан 400 басқа дейінгі қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын 43 шаруа қожалық және 400 бастан жоғары қуаттылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 агроқұрылым сүт өндірумен айналысуда. 2025-2026 жылғы мал қыстатуға 450,1 мың бас мүйізді ірі қара, 3,2 миллион бас қой-ешкі, 183,6 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе түсті. Жем-шөп теңгеріміне сәйкес биыл қыстауға түсетін мал санына қарай 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92,1 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұдан бөлек, қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар. Жалпы аудандарда 5862 мал қыстату орындары бар, оның 1020 шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм аймағында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үй, 2184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне алдын-ала дайындалды, – дейді Төлебек Құлекеев.
Өңірде «Ауыл аманаты» жобасына бойынша 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтегі 8028 жоба қаржыландырылса, өткен жылы кері қайтарылған қаражат есебінен 6,2 миллиард теңгені құрайтын 875 жоба іске асырылған. Биыл жоба аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 437 жоба қаржыландырылып отыр.
«Өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін – инвестициялық жобалар. Сондықтан облыстың агро саласында 2027 жылға дейін құны 318,1 миллиард теңгеге 1,4 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 20 жоба іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде сүт тауарлы фермалары, құс фабрикалары, қой және балық шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймалары, су үнемдеу технологиялары мен қайта өңдеу жобалары бар. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында трактор-машина парктері жаңарып, кооперативтер ауылшаруашылығы техникасымен қамтылуда. Сондай-ақ жұмыс тиімділігін арттыру үшін шаруашылықтар жаңа технологияларды батыл енгізудің арқасында мал басы өсіп, сүт және ет өндірісінде оң динамика қалыптасып отыр», – дейді басқарма өкілі.