Рәміздер алаңының құрылысы басталды

0 2

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде салынатын Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.

Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген өңір басшысы Рәміздер алаңын сыйға тартқалы отырған Солтүстік Қазақстан халқына, облыстың әкімі Ғауез Нұрмұхаметбетовке өңір жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.

«Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Солтүстік Қазақстан мен Абай облысы солтүстік пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін көрсетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, Рәміздер алаңы Бейбітшілік аралында бой көтереді. Ежелгі Түйемойнақ, қазіргі Бейбітшілік аралы тарихқа бай, тағдырдың тезін көп көрген киелі орындарымыздың бірі екені сіздерге аян. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атомдық сынақтардың тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы тұрғызылды. Енді міне Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы бой көтермек. Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен де тұспа тұс келіп отыр. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркі мен тарихын байыта түспек. Мұндай Рәміздер алаңы тарихымызда бірінші рет салынғалы жатқанын да мақтанышпен айта кеткен жөн. Алдағы рәміздер күніне дейін алаңның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек», – деді Берік Уәли.

Заманауи талаптарға сай салынатын нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Жалпы биіктігі – 35 метр болмақ. Айналасының барлығы көк желекпен көмкеріліп, тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналмақ.

Іс-шарада сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бұл бастаманың ел бірлігін айқындайтын рухани мәніне баса назар аударды.

 «Ертіс жағасындағы еңселі Семейде елдің рухын асқақтататын тарихи сәттің бастауына куә болып отырмыз. Мемлекеттік рәміздер алаңы мен стелла құрылысының капсула салу – бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – жүректегі Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Бұл жоба – Солтүстік Қазақстан облысының ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының жүз сексен жылдық мерейтойына орай Абай еліне, қасиетті Семейге жасаған тартуы. Бұл – ағайынның ақ ниеті, елдің елге деген құрметі», – деді ол.

«Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әртүрлі өңірлері Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын білдірді. Осылайша Маңғыстау облысы Достық үйінің құрылысын бастады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығы мен Мәдениет үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Алматы облысы былтыр Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында салынған саябаққа «Алтын адам» ескерткішін орнатты.

Ірі инвесторлар да акцияны қолдап отыр. Дәлірек айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдегі жаңа шағын ауданда 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысын бастаса, алдағы уақытта ұлттық компаниялар «Қазақстан халқына» қоры инклюзивті спорт кешенін салып беруді жоспарлап отыр.