Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 13 жастағы оқушы қызды қаскөйлердің қолынан аман алып қалған тараздық азамат Нүркен Омаровты арнайы қабылдап, ерлігі үшін алғыс білдірді. Аймақ басшысы батыл әрекет иесіне Алғысхат және 500 мың теңге көлемінде қаржылай сертификат тапсырды.
«Сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі сақталды. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, батыл шешім қабылдауыңыз бойыңыздағы биік адамгершілік пен парасаттылықты көрсетті. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанудың маңызын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі қажеттігін дәлелдеді. Сізге мықты денсаулық, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін», – деді Ербол Қарашөкеев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тараз қаласында белгісіз екі ер адам аялдамада тұрған жасөспірім қызды күштеп алып кетпек болғаны туралы ақпарат тараған еді. Абырой болғанда, аялдама маңында тұрған Нүркен Омаров дер кезінде араласып, қызды қауіптен құтқарып қалған. Кейін күдіктілердің кім екені анықталып, олар қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргіліп жатыр.
Өз кезегінде Нүркен бұл ісін ерлік емес, азаматтық әрі әкелік парызым деп білетінін жеткізді. «Қыз баланың қатты қорқып тұрғанын көріп, бір сәт те ойланбастан көмекке ұмтылдым. Мұны марапат үшін емес, адамдық борышым деп санаймын», – деді ол.
Осылайша, қиын сәтте ойланбастан әрекет еткен қарапайым қала тұрғынының ерлігі лайықты бағасын алды.