Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама

0 1

Елімізде биыл атакәсіпті, соның ішінде етті мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгені белгілі. Оның басты мақсаты – осы бағытта жұмыс жасайтын фермерлерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету.

Қазақстан мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Садықовтың айтуынша, кешенді жоспар шарттарында берілетін несиенің негізгі екі түрі көзделген. Біріншісі – айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер. Оның жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз, мерзімі – 15 ай. Екіншісі – жайылым инфрақұрылымын дамытуға және асыл тұқымды түлік сатып алуға бағытталған. Бұл несиенің мерзімі 7–10 жыл аралығында, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бұған қоса, аталған несиені алғандарға екі жылдық демалыс (каникул) ұсынылады.

– Аталған несиелерді рәсімдеуге қажетті құжаттарды қабылдау 2026 жылдың наурыз айынан басталады. Қаржыландыру республикалық Аграрлық несие корпорациясы мен оның өңірлік өкілдіктері және екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ бүгінде несиелерді өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы беру мүмкіндіктері де қарастырылуда, – деп түсіндірді одақ жетекшісі.

Айтуынша, қазіргі уақытта мал сатып алуға несие берудің ең төменгі шекті мөлшері – 300 бас. Әйтсе де салалық қауымдастықтар бағдарламаға қатысушылар санын көбейтіп, несиенің қолжетімділігін арттыру үшін бұл межені 100 басқа дейін төмендету мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс білдіруде.

Мұндағы басты мақсат – бағдарламаны сәтті жүзеге асыру нәтижесінде алдағы бес жылда еліміздегі ет бағытында өсірілетін ірі қара санын қазіргі 8 миллионнан 12 миллион басқа дейін ұлғайту.