Жамбыл облысында алғаш рет «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті

0 8

Форумның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мәселелерін талқылау болды.

Іс-шараға облыс әкімдігі және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиынды Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев салтанатты түрде ашып, өңірде отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаеваның құттықтау хаты жеткізілді. Ол хатында отбасы саясаты – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Форум барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ішкі істер органдарының рөлі мен қабылданып жатқан нақты шараларға тоқталды.

Ол профилактикалық есепке алу және дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейту бағытындағы шаралардың маңызы туралы айтты.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев жиындағы сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, басты назар – алдын алу шараларына бағытталғанын, жүйелі түрде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 50 пайызға төмендегенін мәлімдеді.

Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да сөз сөйледі.

Мұқаш Ескендіров өз баяндамасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы заңнамалық өзгерістердің маңызын атап өтіп, қолдану тәжірибесін жетілдіру қажеттігін айтты.

Іс-шарада театр әртістерімен сахналанған әлеуметтік қойылым қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Форумда сондай-ақ, «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғам бірлестігінің президенті Маржан Еликулова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама заман үрдісіне сай ұлттық құндылықтар аясында тұрақты, институционалды жетік отбасының моделін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ, Тараз қаласы Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу жүйесінің тиімді тетіктері туралы баяндады.

Сонымен қатар, форумға еліміздің барлық облысынан полиция қызметкерлері арнайы келіп қатысты. Аталған бағытта өңірде атқарылған алдын алу жұмыстары бойынша жобалармен танысып, тәжірибе алмасу жүргізілді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселесі көтерілді.

Аталмыш шарадағы бастамалар қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтып, әр отбасының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудің негізі болмақ.