Есірткі заттарын жарнамалайтын «граффити» жазбалар жойылды

0 1

Жамбыл облысында жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру және есірткі қылмысының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен облыстық полиция департаменті бірлесе отырып, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Аталған іс-шара барысында облыс аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғалары, аялдамалар, жерасты өткелдері мен басқа да қоғамдық орындар мұқият тексерілді. Нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз жарнамалайтын «граффити» жазбалар, күмәнді белгілер мен беймәлім әлеуметтік желі сілтемелері анықталып, жойылды. Бұл жазбалардың басым бөлігі жастарды есірткі саудасына тартуға немесе тыйым салынған заттарды таратуға бағытталғаны белгілі болды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, заңсыз жарнама көздерінің жолын кесу және тұрғындар үшін қауіпсіз қоғамдық орта құру. Осы бағытта ерікті жастар мен белсенді азаматтар рейдке белсене қатысып, аймақтың әр бөлігінде тазалау және алдын алу жұмыстарын жүргізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тек құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамға бейжай қарамауға тәрбиелеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, рейд барысында жастарға есірткінің зияны, оның заңдық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.

«Есірткісіз – жарқын болашақ!» ұранымен өткен бұл іс-шара – өңірде қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да мұндай рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Қоғам болып бірігіп әрекет еткенде ғана жастарды зиянды әдеттерден қорғап, болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болатыны анық.