Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданында автоматты газ тарату стансасы жұмысын бастап, Қамыстыбас елді мекеніне табиғи газ қосу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы көгілдір отын игілігіне қол жеткізген қамыстыбастықтарды құттықтап, инфрақұрылым жеткізу саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп тапсырған болатын. Үкімет пен облыс әкімдеріне қолдау тетіктерін тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндеті жүктелген.
Сыр өңірінде халық саны 845 мың адам болса, оның 447 мыңы, яғни 53 пайызы ауылда тұрады. Аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауқымды жұмыс атқарылуда, – дей келе Н.Нәлібаев ауданның дамуына үлес қосқан ел ағалары мен газ құбырын тартқан әрі мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлерін Алғысхатпен марапаттады.
Автоматтандырылған газ тарату стансасы Арал ауданына қарасты 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Қызылорда облысында 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайызды құраған болатын. 2022-2025 жылдар аралығында 65 миллиард 100 миллион теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Осылайша биыл газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетіп отыр.