Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жыл басынан бергі 10 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қазан айына берген деректеріне сәйкес, экономикалық өсім 103,6 пайызға жеткен. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов атап өткендей, өнеркәсіп өнімінің барлық сала бойынша нақты көлем индексі 101,3 пайызға тең. Ауылшаруашылығы салысында өсім көрсеткіші — 101,8 пайыз. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117 пайызға жетіп, облыстың инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуде. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші — 103,5 пайыз. Көлік және қоймалау саласында өсім — 110,3 пайыз, ал көтерме және бөлшек сауда айналымы — 102,1 пайыз.
Баса назар өңір дамуының негізгі драйвері — инвестициялық салаға аударылды. Жыл басынан бергі он айдың қорытындысы бойынша облысқа 892,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 110 миллиард теңге көлеміндегі 8 жоба іске асырылды. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, «Amanat» партиясының Жол картасын орындау жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Биыл 115 тармақты орындау жоспарланған, олардың басым бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Дегенмен бірқатар ауданда құрылыс көлемінің төмендеуі, инвестициялық жоспардың орындалмауы, өңдеу өнеркәсібіне мүлде инвестиция тартылмауы және салалық басқармалардың инфляцияны тежеу бойынша тапсырмаларды орындамауы байқалады. Осы себепті, жауапты аудан әкімдері мен басқарма басшыларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жыл аяқталғанға дейін нақты түзету шараларын қабылдау тапсырылды.
Асхат Шахаров салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге ағымдағы жобалар, инвестициялар және даму жоспарын іске асыруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл өңірдің әлеуетін толық пайдалануға және экономиканың, тұрғындар әл-ауқатының өсуіне мүмкіндік береді.