Жаңасемей ауданына қарасты Алғабас ауылында 110 адамға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Қоғамдық маңызы зор нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Спорт – ұлт денсаулығының негізі» деген сөзін тілге тиек ете отырып, өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Оның айтуынша, жаңа нысан ауылдағы балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Кешен оффтейк келісім негізінде салынып, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл толық аяқталған. 888,5 шаршы метр аумақты қамтитын ғимарат бір мезетте 110 адамды қабылдай алады. Бұл — халқы 883 адамды құрайтын Алғабас ауыл үшін маңызды әрі қажетті инфрақұрылым. Қазіргі уақытта 210 мектеп оқушысы бар елді мекенде 9–16 жас аралығындағы балалар саны 96-ны құрайды. Сол себепті, жаңа нысан әсіресе жас буынның спортқа жүйелі түрде тартылуына ықпал етпек. Кешенде волейбол және баскетбол секцияларын жүргізетін жаттықтырушылар штатын қалыптастыру басталып кетті.
Салтанатты іс-шара барысында Берік Уәли кешенге Газель автокөлігінің кілтін табыстап, бұл көлік ауыл қажеттіліктеріне пайдаланылатынын айтты. Ашылу рәсімі волейбол жарысына жалғасып, аймақ басшысы жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
Абай облысында спорт инфрақұрылымын дамыту жыл сайын қарқын алып келеді. Бүгінде өңірде 610 спорт нысаны жұмыс істейді. Жүйелі түрде спортпен шұғылданатын азаматтар саны жыл санап артып отыр: 2023 жылы ұлттық құрамалар қатарына 286 спортшы енсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 453-ке, ал биыл 474 спортшыға жеткен. Соңғы жылдары облыс спортшылары Азия және әлем чемпионаттары мен Әлем кубогы, Көшпенділер ойындары сияқты жарыстарда 276 медаль жеңіп алған.
2023 жылдан бері өңірде 10 спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді. Қазір тағы 20 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы барысында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» компаниясы 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион салу жөнінде меморандум жасасты. «Абайға құрмет» акциясы аясында Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Атырау облысы мұз сарайын, ал Ақтөбе облысы жекпе-жек сарайын тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл — өңірлер арасында ынтымақтастықты күшейтіп, спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Алғабаста ашылған жаңа спорт кешені – ауыл өміріне жаңа тыныс беретін, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға және жас ұрпақты спортқа баулуға қызмет ететін маңызды әлеуметтік нысан. Бұл бастама облыстың спорттық әлеуетінің одан әрі артуына сеп болары сөзсіз.