Инвестиция артып, инфрақұрылым жаңғырып келеді

0 2

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жан-жақты баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, облыс өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша республикада үшінші орынға, ал өңдеу өнеркәсібі бойынша бесінші орынға көтерілген. Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің 63 пайызы өңдеу секторында өндірілсе, дәл осы салада еліміз бойынша натрий триполифосфаты мен натрий цианидінің 100 пайызы өндіріледі.

Әкім өңірге тартылған инвестициялар көлемі бойынша Жамбыл облысы алдыңғы бестікке енгенін атап өтті. Инвестиция өсімі республикада үшінші орында. Ірі жобалардың қатарында жылына үш миллион тонна металл прокатын өндіретін «Yonggang Iron And Steel Group» металлургиялық зауыты, жылына сегіз жүз мың тонна күкірт қышқылын шығаратын «Еврохим удобрения» зауытының бірінші кезеңі, келесі жылы іске қосылатын күрделі тыңайтқыштар өндірісі бар. Сонымен қатар, «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» жылына бір миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант өндіретін жаңа қант зауытының құрылысын бастады. Бұған қоса, «Qazaq Soda» кәсіпорны кальцилендірілген сода өндіретін ірі өндіріс орнын, ал «Шоқпар-Гагаринское» компаниясы алтын кенін өндіретін тау-кен байыту комбинатын салуда. Осы жобалардың өзі өңір экономикасына 3,8 триллион теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Ауылшаруашылығы да қарқын алған. Биыл жалпы өнім көлемі 458,5 миллиард теңгеге жеткен. Егістік көлемі 640 мың гектарды құрап, 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Дәнді дақылдардан 283 мың тонна, майлы дақылдардан 31 мың тонна, көкөністен 1,3 миллион тонна, картоптан 207 мың тонна, бақша дақылдарынан 389 мың тонна өнім алынған. Қант қызылшасының 88 пайызы жиналып, 207 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Мал шаруашылығы да оң нәтиже көрсетіп отыр: ет өндірісі 2,7 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артқан. Жалпы 888 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталған, оның 400 мың тоннасы пияз. Пияз экспорты бойынша Жамбыл облысы елімізде көш бастап тұр.

Су шаруашылығында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде 322 су нысаны жөнделіп, 625 шақырымнан астам инфрақұрылым жаңартылып жатыр. 2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасы салынып, 312 канал қайта жөнделмек. 66,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілген.

Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмаған. Биыл көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін 710 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспаналы болды. Газдандыру бағытында 14 жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде қамту деңгейі 91,8 пайызға дейін өседі. Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары Тараз және Қаратау қалаларында қарқынды жүргізіліп, жыл соңына дейін олардың тозу деңгейі 53 пайызға төмендейді.

Автомобиль жолдары саласында да биыл 28 миллиард теңгеге 182 жоба жүзеге асырылуда. 460 шақырым жол жөнделіп, жылдың қорытындысында жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйге жеткізілмек.

Білім беру саласында 25 миллиард теңгеге 26 жаңа нысан салынуда. Жыл басынан бері жеті мектеп пайдалануға берілді, тағы жеті нысан жыл соңында тапсырылады. 16 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жамбылдық оқушылар 16 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атанып келеді.

Денсаулық сақтау саласында 6 миллиард теңгеге жаңа медициналық жабдықтар сатып алынып, инфрақұрылымның тозуы 42 пайызға төмендеді. Облыста 22 медициналық ұйымды қамтитын бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйе іске қосылды, ол ТМД аумағында баламасы жоқ жоба ретінде танылып отыр.

Спорт саласы да даму үстінде. Өңірде 21 спорт кешені салынып жатыр, үш кешен мен тоқсан спорт алаңы пайдалануға берілді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылуы 70,8 пайызға, спортпен жүйелі айналысатындар үлесі 41,9 пайызға жеткен. Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиадада жамбылдық спортшылар алты медаль жеңіп алды. Балаларға арналған футбол академиясының құрылысы басталды. Сонымен бірге «Тараз» жастар театры студиясы, «Қолөнершілер үйі» орталығы және «Тектұрмас» тарихи-танымдық журналы ашылды.

Туризм саласында он жоба жүзеге асып, туристік нысандарға апаратын 34,8 шақырым жол салынды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 148 елді мекен 4G желісімен қамтылды, республикалық маңызы бар жолдар бойында 12 жаңа байланыс мұнарасының құрылысы жүріп жатыр.

Баспасөз мәслихатында айтылған деректер Жамбыл облысының экономикасы түрлі бағытта тұрақты өсім көрсетіп отырғанын дәлелдейді. Инвестиция көлемінің артуы, ірі жобалардың іске асуы, инфрақұрылымның жаңаруы мен әлеуметтік саланың дамуы өңірдің жалпы әлеуетін күшейтіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде.