Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайы – ұлттық өнердің ордасы. Бұл мәдениет мекемесінде халықтың рухани болмысын нығайтуға, төл өнерді кейінгі ұрпаққа аманаттауға бағытталған 68 клубтық құрылым жұмыс істейді. Солардың ішінде ұлттық болмыстың өзегіндей болған, баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, шығармашылық әлемге жетелейтін ерекше ұжым бар. Ол – «Қорлан» жетігеншілер ансамблі.
2015 жылы құрылған, Естайдың ғашығы Қорлан есімі берілген бұл ансамбль бүгінде талай таланттың қанатын қақтырған өнер мектебіне айналды. Ұжымның жетекшісі, ҚР Күйшілер одағының мүшесі Раушан Нағышпаева – ұлттық өнердің жанашыры, жетігенді жас буынға сіңіруді өмірлік миссиясына айналдырған ұстаз.
– Ұлттық аспап – ұлттың жаны. Егер біз өз өнерімізді өзіміз дәріптемесек, оны біз үшін ешкім қадірлемейді. Жетігенді меңгерген баланың дүниетанымы өзгеше болады, мінезі жұмсарады, мәдениеті қалыптасады. Біздің мақсат – осы асыл өнерді өскелең ұрпақтың бойына дарыту, – дейді ансамбль жетекшісі.
Шынымен, жетіген – қазақтың ең көне және ең күрделі аспаптарының бірі. Әр ішектің үнін табу, дыбысты дәл келтіру, шығарманы таза орындау – үлкен еңбекті, төзімділікті, жүйелі жаттығуды талап етеді. Соған қарамастан, ансамбльдің жас өнерпаздары жетігенді жандарынан тастамай, түрлі сахнада ұлттық әуенді сүйіндіріп келеді.
Бүгінде топта 7–17 жас аралығындағы оннан астам дарынды бала бар. Қыркүйек айында кіші топтың ашылуы жетігенге деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Әр баламен жеке жұмыс жүргізіліп, шығармашылық қабілеті жүйелі түрде дамытылады. Ұстаздарының айтуынша, жетігенді толық меңгеруге жеті жылға жуық уақыт қажет.
Ансамбльдің табысты жолы 2018 жылы Мәскеуде өткен халықаралық сайыста I орын иеленуінен басталды. Сол күннен бері «Қорлан» жыл сайын биік шыңдарды бағындырып келеді. 2021 жылы «Рухани қазына» облыстық фестивалінде «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы-2021» атанса, 2023 жылы Астана қаласында өткен «Дала әуені» республикалық байқауында бас жүлде алып, тағы да ел абыройын асқақтатты. Ансамбль құрамындағы жеке орындаушылар да халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары.
– Жетіген аспабын алғаш көргенде көпшілік таңданады. Қыздарымыздың көбі алғашында қиынсынады. Бірақ, шыдамдылық танытқан бала міндетті түрде нәтиже көрсетеді. Біз үшін ең үлкен қуаныш – шәкірттің жетістігі, – дейді Р.Нағышпаева.
Халқымыздың рухани тірегі мәдениеті мен тілі екенін ескерсек, ұрпақ тәрбиесіндегі өнердің орны ерекше. Рухани бай, ұлттық болмысы берік бала ғана елдің ертеңгі тірегіне айналады. Ұлттық аспап – мәңгілік елдің мәңгілік үні.
Сол үнді жаңғыртып, ұрпаққа жеткізіп жүрген «Қорлан» ансамблі – Павлодар өңірінің ғана емес, қазақ мәдениетінің шынайы мақтанышы. Ансамбльдің болашағына артылар сенім мол, ал жас жетігеншілердің әуені әлі талай сахнада қазақ өнерінің көркем қоңыр сазын әуелете беретіні анық.