Алматыда Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» шығармасы тұңғыш рет қуыршақ форматында сахналанды. Осылайша, балдырған шақтың ыстық естелігіне айналған туынды жаңаша сипатта көрерменге қайта жол тартты.
Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туған шығарма бүгінде өз оқырманын жоғалтқан емес. Классикалық туындының әдебиетте өміршең болуы да жазушының шығармашыл қабілеті мен оқиғаның шынайы өмірмен қабысып жатуында. Сондықтан да болар, қойылымды тамашалауға келген көрермен арасынан балалардан өзге ересектерді де кездестіруге болады. Себебі, қазақ әдебиеті мен мәдениетімен сусындап өскен әрбір қазақ бұл шығармадан өзінің қайталанбас балалық шағын табады. Білместікпен жасаған бала кездегі қателіктері мен шексіздікке ұласқан арман-қиялын көреді. Қай жастағы көрерменге болмасын, бұл шығарма сонысымен құнды әрі ыстық.
Атап өтерлік маңызды жайт, бұл қуыршақ театрының мерейлі 90-маусымдағы кезекті премьерасы. Өнер ордасының басшысы Алмат Амангелді осынау мерейтойлық маусымда танымал шығарманы қуыршақ үлгісіне бейімдеудің де өзіндік месседжі бар екенін жеткізді.
– Біз үшін Бердібек Соқпақбаевтың шығармасын қуыршақ театры сахнасына шығару – үлкен жауапкершілік. Бұл туынды әр буынның жүрегіне жол тапқан. Енді сол рухани мұраны қуыршақ өнері арқылы жаңғыртып, жас көрерменге жеткізу – біздің басты мақсатымыз, – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры А. Амангелді.
Қойылымда басты рөлді сомдаған актер – Ерсұлтан Тезекбай. Ол Қожа бейнесін сахнаға алып шықпас бұрын, шығарманы қайта оқып шыққан. Актер кейіпкердің ішкі жан дүниесін зерттеу барысында өзінің балалық шағы таспаланған бейне көз алдынан өткенін айтады. Дәл осы қойылымда оның балалық шағымен үндесетін эпизодтар да кездеседі.
– Рөліме дайындық барысында балалық шағымның көптеген естелігі ойға оралды. Жазғы демалыста ата-әжеміздің қолында болдық. Сол уақытта атқа мініп, ауыл аралап, ұлттық тағамдардан дәм татып, асық ойнап өстік. Қожа сияқты біздің де талай тентектігіміз болған. Алайда, Қожаның сыртқы келбеті бұзық болып көрінгенімен, ішкі жан дүниесіне үңілсеңіз, ол өте мейірімді, ақылды кейіпкер. Қожаның әкесіне деген сағынышы мен анасына деген махаббаты ерекше әсер қалдырады, – деді Ерсұлтан Тезекбай.
Басты рөлді сомдаушы Қожаның образындағы негізгі құндылық жауапкершілік пен ерік-жігер деп санайды. Қателікке бой алдырса да оны түсініп, өз-өзінен есеп ала білуі қазір де өзектілігін жоймаған қасиет. «Қожа әкесінің тәрбиесін көрмесе де, әке орнын жоқтатпай, анасының ақылын тыңдап, үмітін ақтауға талпынуы үлкен тәрбие деп білемін», – деді ол. Сондай-ақ біз актерден Қожаның бойындағы өзіне тән ұқсас қасиеттер туралы сұрап көрдік.
– Бала кезімнен көбі сырт келбетіммен қатар, мінезімнің кейбір тұстары да Қожаға ұқсайтынын айтатын. Қожаның бойындағы тентектік, әр нәрсені көрсем деген қызығушылық әрбіріміздің балалық шағымызда болған құбылыс секілді. Әрине, кейіпкерімнің бойындағы осы бір қылықтар кезінде менің де бойымнан табылды. Балалықпен көп нәрсені бүлдірген де, көп адамды күлдірткен де кездерім болды, – деді ол.
Қойылым режиссері Еркебұлан Қабдылдың сөзінше, классикалық шығармалардың өміршеңдігі – олардың адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан тақырыптарды қозғауында. Ұрлық, өтірік, буллинг секілді мәселелер – кез келген қоғамда кездесетін, адамның мінез-құлқымен байланысты құбылыстар. Театр ұжымы «Менің атым – Қожа» қойылымы арқылы көрерменге жаман қылықтың түбі қайда апаратынын көрсетіп, балаларға дұрыс пен бұрысты ажырата білуді үйретуді мақсат еткен.
– Бұл идея менің ойымда бұрыннан жүрген болатын. Қуыршақ театрының аудиториясы негізінен балалар, сондықтан мұндай классикалық туынды дәл қуыршақ театры сахнасында қойылуы тиіс. Көрермен «Менің атым – Қожаны» көріп, кейін шығарманы оқыса немесе фильмін көруге ықылас танытса, мақсатымыздың орындалғаны. Қойылымды қуыршақ арқылы сахналаудың өзіне тән ерекше табиғаты бар. Егер драма театрында актерлер оқиғаны шынайы кейіпте жеткізсе, қуыршақ театрында бұл міндетті кейіпкерге жан бітіретін қуыршақтар атқарады, – деді режиссер.
Актерлік ұжым үшін балалардың назарын бірден өзіне аударатын көріністерді құрастыру, олардың қызығушылығына лайық шешім табу біршама ізденісті талап еткен. Сондай-ақ қойылым режиссері Қожаның образы бүгінгі балаларға да жақын екенін атап өтті.
– Қожаның бойындағы қасиеттер – әрқайсымыздың ішімізде бар мінез. Менің де бала кезімде Қожаға ұқсайтын қылықтарым болған. Қазіргі балалардың бойында да осындай бұзықтық сипаттар кездеседі деп ойлаймын. Сондықтан Қожаның образы балалар үшін қызықты. Өйткені, Қожа мен Сұлтанның жасаған қылығын қазіргі балалардың өзі де қайталайды, – деді Е. Қабдыл.