Атырау облысында мемлекеттік басқаруды цифрландыру және «IT»-жобаларды дамыту аясында «Jusan Mobile» АҚ-пен бірлесіп, шалғайдағы елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «OneWeb» спутниктік технологиясы енгізілді.
Нәтижесінде интернетке қосылған елдімекендер саны 132-ден 146-ға жеткен.
– Былтыр бірқатар аймақтың интернет сапасы жақсарса, биыл Исатай, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға, Жылыой және Махамбет аудандарындағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылды, — дейді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы бөлімінің бас маманы Рауан Рысқалиев.
Қазір облыс бойынша «5G» технологиясымен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 133 базалық станса жұмыс істеп тұр. Оның 110-ы Атырау қаласында, 20-сы Құлсарыда, қалған үшеуі Теңіз вахталық кентінде орнатылған.
Интернеттің тартылуы ауыл тұрғындарына білім беруге, медицина салаларында сапалы қызмет көрсетуге, мәдени шараларды ұйымдастыруға, қашықтан жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берді.