Су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 3

Жетісу облысында су тасқынының алдын алуға бағытталған инженерлік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері 2 шақырым қорғаныс дамбылары салынып, жөнделген. Сонымен қатар, 5,8 шақырым су бұру арналары мен арықтар орнатылып, 2,7 шақырым өзен және канал арналары механикалық тазартудан өтті. Өзендердің 4 шақырымында тереңдету, арналарды түзеу және жағалауды бекіту жұмыстары орындалған.

Талдықорған қаласында Қаратал өзенінің арнасын механикалық тазарту мен нығайту жұмыстары аяқталуға жақын. Панфилов ауданының Сүптай ауылында Тышқан өзенінің арнасы нығайтылып жатыр. Су тасқынының алдын алуға бағытталған 16 іс-шараның 8-і аяқталған.

Атқарылған жұмыстардың қатарында Сарқанда Лепсі, Көксуда Быжы және Жарлыөзек өзендерінің 830 метрлік бөлігінде арна түзету бар. Мұқаншы мен Мұсабек ауылдарында 2,7 шақырым су бұру каналдары тереңдетіліп, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында 500 метрлік арық жаңартылды. Қаратал ауданы Көкдала және Ақсу ауданы Қапал ауылдарында 2,5 шақырым ға жуық каналдар тереңдетілді. Тағы сегіз нысанда жұмыстар жалғасып жатыр.

Жоспардан тыс іс-шаралар да атқарылуда. Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында Кескентерек өзенінің арнасы тереңдетіліп, түзетілді. Талдықорғанда Балықты, Қаратал ауданы Тастөбе ауылында Қаратал өзендерінің жағалауларын нығайту жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы, су тасқынының алдын алу аясында 48 шақырым канал, 71 шақырым арық және 1489 су өткізу құрылғысы санитарлық тазартудан өтті.

Жетісу облысы ТЖД өкілі Ринат Тазабековтің айтуынша, бұл жұмыстар өңірдің қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады және алдағы уақытта да жалғасын табады.