«SpaceX» компаниясының «Starlink» жобасы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өсіп келеді. Спутниктік интернеттің белсенді пайдаланушыларының саны 8 миллионнан асты. Бұл көрсеткіш небәрі жарты жыл бұрын 6 миллион болған.
Инвестор Сойер Мерриттің деректеріне сүйенсек, тамыз айынан бері «Starlink»-ке күніне орта есеппен 14 250 жаңа қолданушы қосылып отырған. Бұл – екі ай бұрынғыдан шамамен 17 пайыз жоғары өсім. Бүгінде «Starlink» қызметі 150-ден астам ел мен аймақта қолжетімді. Соның ішінде, елімізде де бар. Компания жаңа спутниктерді ұшыру арқылы желі жылдамдығын арттырып, қамту аясын кеңейтуді жалғастырып отыр.