«Алтын қасықтың» дәмді тұшпарасы

0 2

Әрдайым асқа толы дастарқан үй берекесін кіргізеді. Сол дәмнің ішінде мәнті мен тұшпара – көпшіліктің сүйікті асы.

Бүгінде бұл тағам тек той-думандарда ғана емес, күнделікті ас мәзірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мәнті мен тұшпараны үй жағдайында дайындау – ерекше ықылас пен шыдамдылықты қажет етеді. Қамыр илеу, фарш әзірлеу, әр түйірін әдемілеп түю – бәрі еңбек. Қазіргі таңда көп отбасы бұл тағамды дүкеннен сатып алғанды қалайды. Өйткені, оны үйден әзірлеуге әркімнің уақыты жете бермейді. Осыны білетін Маржан Сейдуллаева өз үйінде жартылай фабрикаттар өндірісін қолға алды. Бастапқыда ол мұны қарапайым идеядан бастаған.

Кәсіпкер дәмді ас әзірлегенді жақсы көреді. Оның тіл үйірер дәмді тағамды, әсіресе, тұшпарасы туыстары мен қонақтарының арасында кеңінен танымал. Өйткені, ол дайындаған ас таңдай қаққызып, таңданысты туғызады. Сөйтіп, жиі мақтау естіді. Уақыт өте келе ол мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануды көздеп, үй тағамдарын тек жақындарымен ғана емес, сондай-ақ, басқа да адамдармен бөлісуді жөн көрді. Тіпті, осы арқылы ақша табуға болатынын түсінді.

Нәтижесінде «Altyn Qasyq» маркасы пайда болды. Үйде жасалған тұшпара, мәнті сияқты жартылай әзірленген тағам тұтынушылар тарапынан әрқашан сұранысқа ие. Себебі, қазір оны пайдаланатындар аз емес. Бұл істі бастау көп қаражатты қажет етпеді. Тек, табандылық пен еңбек жеткілікті болды. Осылайша, Маржан Сейдуллаева осыдан 5 жыл бұрын «РенМар» жеке кәсіпкерлігін тіркеп, өз үйінде жартылай фабрикаттар өндірісін бастап кетті.

Бүгінде нәтижесі көңіл қуантады. Сапалы дайын өнімдері қазір Талдықорған қаласының жақын маңында орналасқан дүкендерде сатылады. Жұқа қамыр, шырынды ет және табиғи ингредиенттердің арқасында өңделген тағамдар бірден көз жауын алады. Ал, 2021 жылы жартылай фабрикаттар шығаратын дүкен мен өндірістік цех салынды. Осы бағытта жұмыс істеп, сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқанын байқаған кәсіпкер істі кеңейту қажет екенін ұқты.

Сөйтіп, «Банк ЦентрКредит» АҚ-ға жүгініп, инвестицияларға, атап айтқанда қолданыстағы цехқа қосымша құрылыс салуға несие алды. Жобаға «Кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының кепілдігі берілді. Ендігі кезекте жаңа нарықты бағындыру жоспарда бар.