Инвестициялық ынтымақтастық мәселесі талқыланды

0 3

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қытайлық «Zijin Mining Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзиньхэмен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған экономиканы әртараптандыру жөніндегі міндеттер шеңберінде тау-кен металлургия кешенінің жобаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Қазақстан – алтын өндіру бойынша 6-шы және қорлар бойынша 13-ші орында. Бүгінгі таңда Қазақстанның ЖІӨ-дегі тау-кен металлургия секторының үлесі 8 пайызды құрайды, металлургия өнімін шығару көлемі жылына 14 триллион теңгеден асады. Салада 224 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы секторға 3 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылды.

Кездесу барысында Ақмола облысында ТМК саласындағы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша бірлескен шаралар қаралды.  Сонымен қатар, геологиялық барлау және жаңа кен орындарының әлеуетін ашудағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі атап өтілді.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі қосылған құны жоғары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті жәрдем көрсететінін атап өтті. Серіктестік пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің өсуіне, тұрақты жұмыс орындарын құруға және өндірістің озық, экологиялық тұрақты технологияларын енгізуге ықпал етуі тиіс.

Өз кезегінде Чэнь Цзиньхэ еліміздегі инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.