Шымкент қаласында халық арасында “Зеленая балка” аталып кеткен Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда. Шағынаудан тарихы қалада теміржол құрылысы қолға алынған, мұнда тұрғындар қоныстана бастаған 1915 жылдан бастау алады. Көп пәтерлі үйлердің дені ғасырдан астам уақыт бұрын салынғандықтан апатты жағдайда.
Тұрғындар криминогендік және тұрғын үй жағдайларына байланысты мәселелерді бірнеше рет көтерген. Шағынауданға арнайы барып, тұрғындардың ұсыныстарын ескерген қала әкімі маңызды шешім қабылдады. Тұжырымдаманың алғашқы кезеңі – көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғындарды ескі үйлерден жаңаларына көшіру. Оның аясында бүгінге дейін көппәтерлі 9 жаңа үйден 83 отбасы баспаналы болды.
Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы сегіз отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, қуаныш иелеріне бақ-береке, жайлы ғұмыр тіледі. Әрленген пәтерлердің бөлмелері бұрынғы пәтерлердің бөлме санына сәйкес келеді.
Тұрғындар толық қоныс аударғаннан кейін аудандық әкімшілік ғимаратын, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, әлеуметтік нысандарды, көппәтерлі үйлер мен саябақтарды салу, қолданыстағы мектепті кеңейту, сондай-ақ Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру жоспарлануда.