Облысымыздың аумағындағы республикалық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау және насихаттау ісімен біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы айналысып келеді.
Кәсіпорын өңіріміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерін, мәдени құндылықтарды анықтау, зерделеу, есепке алу-сақтау, қалпына келтіру, археологиялық зерттеу, қорғау, сақтау және пайдалану жұмыстарын жүргізу; мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор, ғылыми-әдістемелік, мәдени білім беру; музейлік маңызы бар заттарды жинау мақсатында археологиялық және этнографиялық экспедициялар, ғылыми іссапарлар ұйымдастыру және өткізу; тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткізу және оларға қатысу; тақырыптық-экспозициялық жоспарларды әзірлеу, музей-экспозициялары мен көрмелерін жобалау және құру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау және көпшілікке таныту мәселелері бойынша шығармашылық одақтармен, үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдармен ынтымақтастық орнату қызметтерін жүзеге асырады.
Музей-қорығының қарамағында тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрғызылған республикалық маңызы бар 30 ескерткіш (12 қала құрылысы және сәулет, 15 археология, 1 ансамбль, 2 монументалды) орналасқан. Ортағасырлық бес ірі қала – Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені 2014 жылдан бастап «Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының объектілері қазіргі уақытта елдің мәдени туризмін дамытудағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі болып табылады. Соның ішінде Қарахан, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа Хатун кесенелері; ортағасырлық Тараз, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе, Меркі қалашықтары мен Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Қарақожа, Абдулла Ишан, Жүнісбай (Әулие ата) мешіттері, Қали Жүніс моншасы сынды нысандар өңірлік және халықаралық туристік маршруттарға енгізілген. 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды объектілерінің Дүниежүзілік тізімін толықтырды. Біздің музей 2015 жылы «ICOM» Халықаралық музейлер одағының шешімімен «Жыл музейі» деген атаққа ие болғанын айта кеткен жөн.
Кәсіпорын жылдық жоспарға сәйкес, 2024 жылы арнайы мақсаттық тізімдік есепке алынған кесенелер мен тарихи орындарда 112839 адамға қызмет көрсетті. Көпшілік қауымның өтініші мен тапсырыстарына орай арнайы 236 экскурсия өткізілді. Мектептерде және жоғары оқу орындарында тақырыптық-танымдық 41 әңгіме-сабақ, дәрістер оқылды. 38 жылжымалы көрме ұйымдастырылды. 15 артефактіге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы «Ақыртас» кешенінің аумағында орналасқан визит-орталық ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескі мүліктер жаңартылып, ауызсу сүзгісі орнатылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. «Тараз 2000» ғимараты еденіне кафель төселіп, территориясына күрделі жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. «Айша бибі», «Бабаджа Хатун» кесенелерінде автоматты суару жүйесі іске қосылып, көше жарығының электр жүйесі жөнделді. Қарахан кесенесінің аумағындағы тозығы жеткен электр жүйесі жаңартылып, заман талабына сай құралдармен жабдықталды. Кәсіпорын қызметкерлері музей-қорыққа қарасты нысандар аумағында гүл отырғызу, санитарлық тазалау, тал түптерін балақтау, арықтар жүйелерін тазарту, күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізіп, сенбілік жұмыстарын үнемі өткізіп тұрады.
Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына келсек, «Қазқайтажаңарту» ШЖҚ РМК Тараз филиалының мамандары 2023 жылы Талас ауданындағы республикалық маңызы бар Абдулла Ишан, Қарақожа мешіттеріне, Тараз қаласындағы Қали Жүніс моншасына, 2024 жылы Сарысу ауданындағы Шоқай Датқа кесенесіне, Тараз қалашығындағы аспалы жабындыларға қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Аталмыш жұмыстардың барлығы біздің музей-қорық мамандары жүргізген мониторинг жұмыстары кезінде анықталған жағдайларға байланысты тиісті мекемелер мен министрлікке бірнеше рет хат жолдауымыздың нәтижесінде жүзеге асқандығын айта кеткім келеді.
2024 жылы Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кеңсесінің «Орталық Азиядағы Жібек жолы мұрасының бағыттары – Халықаралық Еуропалық мәдени мұра жылының аспектілері» жобасы шеңберінде Құлан қалашығының Шахристан цитаделі археологиялық ескерткішін консервациялау және оған құндылық беру жөніндегі жұмыстардың бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындыларының есебі тапсырылды.
Сондай-ақ 2023-2024 жылдар аралығында біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде Ақыртас сарай кешені визит орталығының құжаттары 12 жылдан кейін заңдастырылып, Кәсіпорын теңгеріміне алынды. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған, бірақ құжаттары болмаған Айша бибі кесенесі территориясында соғылған арка мен әжетхана заңдастырылып, кәсіпорын теңгеріміне алынды. Айша бибі кесенесінің жер учаскесінің шекарасы белгіленіп, мекенжайы бойынша жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттары жасалып, мемлекеттік актісі қайта алынды.
Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар да аз емес. Атап айтқанда, кәсіпорынға қарасты нысандардың қорғау аймақтары мен ғимараттарының құжаттарын заңдастыру; республикалық тізімдегі тарихи-мәдени нысандарға қатысты жергілікті және облыстық әкімшіліктермен жұмыс жасау; ЮНЕСКО тізіміне енген нысандардың инфроқұрылымына байланысты құжаттар дайындау, Қарахан, Айша бибі кесенелерінің, Көне Тараз археологиялық саябағының территориясын көгалдандыру, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, автоматтандырылған суару жүйесін жасау; бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізіліп жатқан Төле би көшесі, № 55 ғимараттағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, экспозициялық зал жасақтау, яғни музей ашу жұмыстары күтіп тұр.