Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» дегенін білеміз. Жалпы қай ғасырда өмір сүрсе де барлық ғалым, ақын, ұлы тұлғалар кітап оқудың пайдасы туралы жиі айтып өткен. Нағыз рухани сарқылмас қазына саналатын кітап кез келген саналы адамның өмірлік серігі іспетті. Білімнің қайнар бұлағы да осы кітаптан бастау алады. Осы орайда облыс əкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Əулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы өте керемет бастама екенін айтқым келеді.
Кітап оқудың пайдасын санап тауыса алмаспыз. Ең алдымен, ол адамға қоршаған ортаны, әлемді, жаңа салаларды және өздерін тануға көмектеседі. Сонымен қатар, ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетінің жақсаруына көмектеседі. Көп кітап оқыған адамның ойлау қабілеті мықты болады және жылдам ойлай алады. Ол қандай да бір ақпаратты, тақырыптарды талдай алуға, сараптауға, жүйелі пікір қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан да кітап адамды табысқа жеткізіп, жетістіктерге апаратын есіктерді ашады дегенді сеніммен айтуға болады.
Берер ақпараты мен білімінен бөлек тұлғалық даму жағынан да кітап оқу адамға үлкен әсерін береді. Кітап оқитын адам айналасымен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруға бейім келеді. Әдемі сөйлеп, әдемі жазып, ойын анық жеткізе алуға төселеді. Сөздік қоры бай болып, сауаттылық деңгейі де әлдеқайда көтеріле түседі. Адамның бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытады. Жаңа идеялардың туындауына көмектеседі.
Қырағылықты ғана емес, ақыл мен даналықты да бойыңызда қалыптастырғыңыз келсе, кітап оқудан қашпаған жөн. Бірақ, бүгінгі қоғамда кемелденуге көмектесетін кітапты оқуды трендке айналдыра алдық па? Осы сұрақ көптің көкейінде жүргені жасырын емес.
Статистикалық мәліметтерді ескерсек, қазақстандықтардың төрттен бірі ғана кітап оқиды екен. Кітап оқу мәдениетін көтеру үшін мемлекеттік деңгейде де үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» дей келе кітапхана ісіне бей-жай қарауға болмайтындығын, кітаптың адамға қолжетімді болуына күш салу керектігін айтқан болатын. Біздің де Құмарық ауылдық кітапханасы жаңа кітаптар топтамасымен жиі толықтырылып отырады. Сонымен қатар, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясына ауыл жастары қатысып, түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Кітап оқуды қалай әдетке айналдыруға болады? Кітап оқуды қиналмастан әдетке айналдыру үшін бірінші кітапты дұрыс таңдай білген жөн. Кітап оқымас бұрын оның жанрына, мазмұнына назар аудару керек деп ойлаймын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы кітап оқу арқылы жастайынан бірнеше тілді еркін меңгерген. Ал, М.Горький «Мендегі бар барлық қабілетім мен өнерім үшін кітапқа мәңгілік қарыздармын», деген екен. Қай заманда болсын, қай салада болсын кітап оқудың пайдасын жоққа шығара алмаспыз. Сол себептен саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін бүгіннен бастап өзіміз де кітаппен дос болуымыз керек.
Жастар – еліміздің ертеңі. Олар кітаппен дос болып өссе, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз. Ал, кітап оқуды жастардың санасына сіңірудің ең тиімді тәсілі – өзіміздің әрекетімізбен үлгі болу. Яғни, кітаппен дос болуды өзімізден бастауымыз керек. Осы бастама аясында өзім де Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел Адам» кітабын оқып жүрмін.
Кітап оқыңыз, рухани байыңыз. Білім мен руханияттың кілтін кітаптан табайық.