Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді. Соның бірі Мелиоранский «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің хас шебері… Қазақтар халық әдебиетіне аса бай әрі жан-жақты», деген. Расымен де, қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы.
Тіл тұғырының биікке көтерілгені – халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Гимніміз, мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бүгінгі күнгі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне баса назар аударды. Алдағы уақытта туған тіліміздің мәртебесі күшейіп, ұлтаралық қатынас құралына айналатынын жеткізді. Бұған дейінгі кездесулерде де Мемлекет басшысы тіл тақырыбына қатысты ұтымды ойын білдіріп келді. Қазіргі жаһандану заманында бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймайды.
Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі ширек ғасырға таяу уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі – мемлекеттік тіліміз қазақ тілі.
Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті.
Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Демек, бұл бір адамға ғана қатысты емес, барлық қоғамға қатысты. Әр халықта тіл сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы ғана емес, өзге елдердің алдында дәрежесін айқындап, тарихынан хабар беретін, еңсесін биік көтеріп, болашағына болжам жасайтын қастерлі де қасиетті тұғырлы қаруы екені мәлім.
Егер мәңгілік ел боламыз десек, өз ана тілімізді бірінші орынға қойып, ал қалған тілдерді елімізді дамыту жолында, өзге де алпауытты дамыған елдермен тәжірибе алмасу мақсатында үйреніп, өз елімізде осығын алып, пайдамызға жаратуға тиіспіз.
Әр адамның азаматтық қасиетті салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз туғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінің жоғарылауы үшін әрекет ету қажеттігі туындап отыр. Туған тіліміздің мерейі үстем болсын!