Ұлт жадын сақтайтын алтын қор

0 4

Жақында Жамбыл аудандық тарихи-өлкетану музейінде ел руханияты үшін маңызды іс-шара өтті. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Архив – ұлттық құндылықтар қазынасы» атты ашық есік күні ел тарихын ұлықтауға, ұлттық мұраны бағалауға, жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтуға бағытталды.

Архив ісінің маңызын кеңінен түсіндіру, жастардың бұл салаға қызығушылығын арттыру, «архивист» мамандығының қоғамдағы рөлін айқындау, сондай-ақ аға буын мен жас толқын арасындағы тарихи сабақтастықты жалғастыруды мақсат еткен іс-шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ түрлі сала мамандары қатысты.

Ашық есік күнін аудандық архивтің директоры Келсінай Күлекеева ашып, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып отырған ауқымды жұмыстары туралы баяндады.

– Ел тарихын сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – әр халықтың басты парызы. Өткені жоқ ел – болашағын болжай алмайды. Ал, біз осы парызды орындап келеміз. Архив – тек өткеннің куәгері ғана емес, болашаққа бағыт беретін компас іспетті, – деді Келсінай Күлекеева.

Келесі кезекте қонақтар архив тарихымен танысты. 2002 жылдың 16 шілдесінде құрылған аудандық архив бүгінгі таңда 119 қор мен 30 мыңнан астам сақтау бірлігін қамтиды. Мұндағы маңызды құжаттардың қатарында 1918, 1921-1936 жылдар аралығында араб және латын қарпінде жазылған тарихи жазбалар да бар. Бұл деректер аудан тарихының терең тамырын тануға, өткенге үңіле отырып, келешекке бағдар жасауға жол ашады.

Бүгінде архив саласы да заманауи технологиялардан шет қалмауда. Жақында аудандық архивке жаңа екі қабатты ғимарат беріліп, халықаралық стандарттарға сай материалдық база қалыптастырылды. Құжаттар арнайы жылжымалы сөрелерде сақталады. Жоғары жылдамдықтағы сканерлер орнатылып, құжаттардың сақталу жағдайы талапқа толықтай сәйкес келтірілген.

Бұдан бөлек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдан бастап үлкен жұмыс қолға алынды. Құжаттар «Электронды үкімет» және «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» (Е-архив) жүйелері арқылы цифрлы форматқа көшірілуде. Нақтырақ айтқанда, 2013-2025 жылдар аралығында 17 мыңнан астам сақтау бірлігі, яғни 1,7 миллионға жуық парақ электронды нұсқаға енгізілген. Бұл жұмыс архив ісінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпаққа аманат болатын құнды құжаттарды ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді.

– Дамудың кілті – цифрландыру. Қазіргі заманда электронды архивті «Болашақтың архиві» деп қабылдау қажет. Әрбір тарихи құжат – біздің ертеңіміз үшін аса маңызды мұра. Ал, оларды жүйелеп, цифрлы форматқа көшіру – келешек алдындағы жауапкершілігіміз, – деді мекеме басшысы.

Іс-шара барысында жастарға архив саласы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылып, мамандар оларға құжаттарды сақтау, жүйелеу, сандық форматқа көшіру үдерісі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, архивист мамандығына қызығушылық танытқан жас қонақтарға кәсіби бағыт-бағдар ұсынылды. Ардагерлер мен архив қызметкерлері жастармен ашық сұқбат өткізіп, тарихи жад пен ұлттық құндылықтардың мән-маңызын түсіндірді.