Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші құрылтайда Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» дей отырып, теңдесі жоқ таңбалы тастарды сақтау қажеттігіне ерекше тоқталған болатын.
Осы орайда, Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық клубында тарихи-танымдық маңызды іс-шара өтті. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесі мен Байзақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған іс-шара аясында «Таста сақталған тарих» атты танымдық деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға өңірдің тарихын терең зерттеп жүрген жергілікті өлкетанушы Жамбыл Беспаев пен археолог Ескендір Төребеков қатысып, көрермендерге Байзақ өңіріндегі тарихи-мәдени мұралар туралы тың деректер мен қызықты мәліметтерді ұсынды. Өлкетанушылардың айтуынша, облыс аумағындағы тарихи ескерткіштерді қорғау мен қалпына келтіру және тиімді пайдалану – мәдениет саласының ғана емес, қоғамның да ортақ жауапкершілігі.
Фильм көрсетілімінен соң қатысушыларға Қарасай шатқалындағы петроглифтерге экскурсия ұйымдастырылды. Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5,7 шақырым жерде орналасқан бұл петроглифтер – қола және ерте темір дәуіріне жататын бірегей археологиялық ескерткіштер.
Экскурсия барысында қатысушылар ежелгі адамдардың тасқа салған суреттерін көріп, өңіріміздің көп ғасырлық тарихымен жақынырақ танысты. Сонымен қатар, тарихи-танымдық бағыттағы кітаптар сыйға тартылып, жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға жағдай жасалды. Мәдени іс-шараға келген көпшілік оның тәрбиелік және танымдық маңызы зор екенін атап өтті. Мұндай бастамалар – жастардың туған жердің тарихына құрметпен қарауына, маңызды құндылықтарды қастерлеуіне ықпал ететін тиімді құрал.
«Таста сақталған тарих» деректі фильмі мен Қарасай петроглифтеріне жасалған экскурсия – өңір тұрғындарына туған жердің тарихын тереңірек таныстырып, мәдени мұраны сақтау ісіне үлес қосатын маңызды қадам.