Үздіктер республикалық додаға жолдама алды

0 3

Жамбыл облысында мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беруді мақсат еткен маңызды шара – «JasSkills Kazakhstan – 2025» республикалық кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті. Бұл байқау – жасөспірімдердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағытталған, еңбекке баулитын тәжірибелік алаң.

Облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен сайысқа өңірдің 9-10-сыныптарынан 46 оқушы қатысып, өз шеберліктерін жеті түрлі құзыреттілік бойынша сынады. Атап айтқанда, «Аспаз ісі», «Шаштараз ісі», «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Мейрамхана қызметі», «Мобилография», «Наубайхана шеберлігі» және «Сән технологиясы» бағыттары бойынша оқушылар алғашқы кәсіби дағдыларын көрсетті.

Байқауға 21 сарапшы-маман төрелік етіп, қатысушылардың жұмысын бағалады. Қазылар алқасының мүшесі, тәжірибелі маман Досымжан Таубалдиев байқаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «JasSkills Kazakhstan – 2025» – жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жол ашатын үлкен мектеп. «Бұл додада жеңістен гөрі тәжірибе жинау, өз қабілетін шыңдау маңызды. Қатысушылардың әрқайсысы өз саласын терең зерттеп, табандылықпен дайындалғаны байқалады. Бірі аспаздықтың нәзік қырларын меңгерсе, енді бірі шаштараз өнерінде жаңа үлгілерді батыл енгізіп, тағы бірі техниканы жетік игеріп, көлік жөндеу ісінің шеберіне айналып келеді», – деді ол.

Байқаудың қорытынды кезеңінде үздік өнерімен көзге түскен оқушылар І орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Қазылар шешімімен облыс намысын қорғау құқығына Асланбек Рымқұл, Нұрила Мамарайым, Аружан Өтембай, Алинұр Оразалы, Алима Бердалы, Альбина Болат және Ксения Сечкина ие болды.

Жас шеберлерге алдағы республикалық кезеңде сәттілік тілейміз! Бұл байқау – олардың кәсіби жолындағы алғашқы қадам ғана емес, болашаққа бастар сенімді соқпақ.