Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын цифрландыру мәселелері қаралды. Онда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарына электронды форматқа көшіру, бизнес-процестерді реинжинирингтеу, инновациялық экожүйе құру, пойыздарды «OneWeb» және «Starlink» спутниктік интернетімен қамтамасыз ету, сондай-ақ транзиттік тасымалдауды онлайн қадағалау жүйесін енгізу кіреді. 2024 жылы салада төрт мемлекеттік қызмет электронды түрде қолжетімді болса, биыл олардың қатарына жаңа қызмет – «Қауіпсіздік сертификатын беру» қосылды. Бір жыл ішінде 28 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 99 пайызы онлайн режимінде жүзеге асырылған.
Премьер-Министр автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, цифрлық диспетчерлеу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен саланы цифрландыруға да баса назар аударды.
«Мемлекет басшысының қатысуымен жуырда Астанада сапалы талдау жасап, ауқымды деректерді генерациялай алатын суперкомпьютер кластері іске қосылды. Осы тұрғыда жасанды интеллект технологиялары мен перспективалы стартаптарды экономиканың барлық саласына, соның ішінде теміржолға да енгізу керек. Мысалы, жасанды интеллект апаттық жағдайлардың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептеп, осындай мәселелерді шешудің түрлі нұсқаларын пысықтай алады», — деген Олжас Бектенов теміржол саласын цифрландыру кезінде «IT»-инфрақұрылымды басқарудың және ақпараттық жүйелердің интеграциясын жүргізудің тұтас тәсілін жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.