Ұлттық спорттың берік негізі

0 1

Спорт ардагерлеріне құрмет көрсету және олардың еңбегін бағалау еліміздің спорт саласындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы кезде аталған салада жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы Туризм және спорт министрі республикалық спорт ардагерлерінің форумында арнайы атап өтті. Мұнда еліміздің аты аңызға айналған спортшылары, жаттықтырушылары мен спорт қайраткерлері бас қосып, кәсіби мерекелерін атап өтті.

Министрдің сөзінше, биылдан бастап спорт ардагерлеріне қолдау көрсетуге ерекше назар аударылуда. Өңірлердегі спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімін жасау басталып, бұл жүйе арқылы олардың жағдайы мен қажеттіліктері анықталады. Осы арқылы мемлекет спорт ардагерлеріне арналған нақты қолдау шараларын тиімді жүзеге асыра алады. Болашақта әкімдіктер, спорт федерациялары және басқа да жауапты органдардың қатысуымен ардагерлерді қолдау бойынша кешенді жүйе қалыптасады. Мұнда жұмыспен қамту, медициналық көмек көрсету және бұқаралық спортты дамыту сынды маңызды мәселелер қамтылады.

Министр сөзінің тағы бір түйіні – еліміздің спорт тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазған ардагерлердің еңбегі ешқашан ұмытылмайтындығы. Спорттық мансабын аяқтаған көптеген танымал спортшылар бүгінгі таңда спорт басқармасы мен федерацияларда жауапты лауазымдарды атқарып жатыр. Бұл олардың кәсіби тәжірибесін мемлекеттік басқару мен спортты дамыту саласына тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әрбір маман өз өңірі немесе федерациясы үшін нақты даму жоспарын ұсына отырып, спорт саласындағы сабақтастықты және тәжірибе алмасуды қамтамасыз етеді. Мұның өзі отандық спорттың тұрақты дамуына зор үлес қосып отыр.

Спорт күніне орай елімізде 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар спорт ардагерлері мен еңбек сіңірген жаттықтырушыларға құрмет көрсетуді, сонымен қатар, бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға бағытталған. Мерекелік шаралар спортты жаппай насихаттап, қоғамның барлық саласында саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Ардагер спортшылардың қатысуы — спорт саласындағы тәжірибелі мамандардың білімін әрі қарай жетілдірумен қатар, ұлттық спорттың берік негізін қалыптастырудың кепілі. Мұндай кездесулер жастарды патриотизмге тәрбиелеу мен спорттық жетістіктерге жетелеуде маңызды рөл атқарады. Елдің спорттық әлеуетін арттыру үшін осындай жүйелі және жан-жақты қолдаулардың маңызы ерекше екенін тағы бір рет атап өткен жөн.

Ұлттық спорттың дамуы – бүгінгі спортшылардың ғана емес, сонымен бірге, өткен дәуірдің еңбегі мен тәжірибесін құрметтеуден басталатын жол. Сондықтан спорт ардагерлерін қолдау мен құрметтеу – еліміздің болашақ спортшыларының табысты жолын ашудың негізгі факторы.