Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қатысты мәселе қаралды. Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов баяндама жасады.
Оның айтуынша, облыста пайдалы қазбаларды өндіретін 198 кәсіпкер тіркелген. Олардың 74-і келісімшарт негізінде, 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жауапты басқарма мен құзырлы органдар тарапынан заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушы анықталып, жұмыстары тоқтатылған. Облыс әкімі экологияға жауапты құзырлы орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықтарды жоюға қарсы күресті күшейтуді тапсырды.
– Заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырамын. Рейд тоқтамауы тиіс. Тексеріңіздер. Экологиялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Бірлесе жұмыс істеңіздер. Бұл мәселелер тұрақты қадағалауда болады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Бүгінде облыста жұмысы тоқтатылған және пайдаланылмай тұрған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекетке қайтарылған. Мұндай фактілер, әсіресе, Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран аудандары мен Кентау қаласы аумағында жиі байқалады. Мәселен, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылдық округі маңында бариттің заңсыз қазылғаны анықталып, заң бұзған тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ Келес өзені жағасын заңсыз қазып, өнімдерін жайылымдық жерге жинақтап, сатылымға шығару фактісі тіркелген. Жалпы, облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілері анықталып, оларға қарсы тиісті шаралар қабылдануда.
Табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиевтің айтуынша, кей аумақтардағы заңсыз әрекеттердің тоқтамауына байланысты прокуратура мен басқарма тарапынан арнайы дрон құрылғысы қолданылуда. Анықталған фактілер бойынша түсірілген бейнематериалдар полиция қызметкерлеріне тапсырылып, жүк көліктері айыптұраққа қойылған. Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндірушілердің келісімшарттық лицензиялық міндеттемелерін орындамауына байланысты ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс хат жолданды.
Мәжіліс қорытындысында аудан, қала, ауыл аумақтарында пайдалы қазбаларды заңсыз сату орындарын жабу жұмыстарын жандандыру, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері анықталған аудан, қала немесе ауыл әкімдерінің және учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершіліктерін қарап, тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс берілді.