Сыбайлас жемқорлық сөзі латын тілінен аударғанда «corrumpere» – «бұзықтыққа жетелеу» деген мағынаға келеді. Яғни, лауазымды адамның өзінің құзыретін, оған сеніп тапсырылған құқықтарын заңнама мен моральді белгілерге қарама–қайшы келетін өзінің пайдасы үшін пайдалануды білдіретін термин.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған дерттің бірі.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бұл жағдайда бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп тамырымен жоюымыз қажет. Яғни, пара беру де, алу да қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық пікір, сана қалыптастыруымыз қажет. Парақорлық – мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне үлкен әсер етеді.
Жемқорлықпен айналысатын адам өзінің міндеттерін дұрыс орындамай, оны жеке басының табысы үшін пайдаланады. Қоғамның дамуын тежеп, оны арам дүние табуға жұмсайды.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүзеге асыруы тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуы тиіс. Бұл дерттің жаппай жойылуы үшін азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыруымызды жастардан бастауымыз қажет.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен барынша күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
«Кеңесіп шешкен істе кемшілік болмайды», «Бірлігі күшті ел азбайды» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, жемқорлық сияқты елді іштен ірітетін індетті бірлігі бекем мемлекет қана жеңе алады. Сондықтан жемқорлықпен күрес жалқының емес, жалпымыздың міндетіміз екенін бір сәт те ұмытпауымыз қажет.