Жетісу облысында «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық шарасы аясында есірткіге қатысты нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынында облыстық полиция департаментінің басшылығы мәлімдеді.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ельдар Әбдікеновтің айтуынша, бір айдың ішінде өңірде 27 есірткі құқықбұзушылығы тіркелген. Оның 16-сы қылмыстық іс ретінде рәсімделіп, 11 теріс қылық әшкереленген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 25 келіден астам өсімдік тектес есірткі заттары тәркіленді. Көптеген аймақта жабайы өсетін есірткі шөптері жойылып, удың тамыры қопарылды.
– Заңсыз айналыммен күрес күшейіп келеді. Жыл басынан бері есірткіге қатысты 90-нан астам қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің өскені байқалады. Бұл бір жағынан көлеңкелі нарықтың белсенділігін, екінші жағынан құқық қорғау органдарының бақылауды күшейткенін білдіреді, – деді Ельдар Әбдікенов.
Іс-шара барысында 100-ден астам полиция қызметкері, арнайы техника мен мобильді топтар іске қосылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен әуеден бақылау жүргізіліп, кейбір аудандарда тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық бақылау бекеттері орнатылды.
Цифрлық кеңістіктегі заңсыз сауда да назардан тыс қалмады. Интернет пен мессенджерлерде таралған есірткі жарнамасы мен сатылымы анықталып, бұғаттау жұмыстары жүргізілді. Заңсыз қызметпен байланысты бірнеше банк шоттары тоқтатылды.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков атап өткендей, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өңірде 114 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 7 акция, 10 семинар, 26 лекция, мектептер мен колледждерде өткен кездесулер, «дөңгелек үстелдер», сурет көрмелері, спорттық жарыстар өткізілді.
— «Есірткісіз әлем» атты балалар көрмесі, дебат турнирлері, туристік жорықтар мен полиция музейлеріне экскурсиялар жастардың есірткі туралы көзқарасын өзгертуге бағытталды. Біз бұл дерттің алдын алуға, түсіндіру мен тәрбиелеуге баса мән берудеміз, – деді Нұржан Сейсенбеков.
Мамандардың айтуынша, есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Қауіпті синтетикалық және өсімдік тектес уға қарсы ұлттық иммунитет қалыптастырмай, бұл дерттің алдын алу қиын.