Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қолға алған «AI Тергеуші көмекшісі» атты пилоттық жоба алғаш болып Қосшы қаласында іске қосылды. Жаңа ақпараттық жүйе тергеу процесін автоматтандыру арқылы құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетіп, қылмыстарды ашу тиімділігін арттыруды көздейді.
Жобаның ресми таныстырылымына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сабит Нұрлыбай, сондай-ақ ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев қатысты.
«AI Тергеуші көмекшісі» – ішкі істер органдарының дерекқорларын жаңғыртуға және тергеу процесінде цифрлық құралдарды кеңінен қолдануға бағытталған жаңа буындағы ақпараттық жүйе. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін көмекші тергеушіге жедел әрі дәл шешім қабылдауға көмектеседі.
Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, жүйе бірқатар маңызды модульдерден тұрады. Атап айтар болсақ, электрондық қылмыстық істер реестрінен материалдарды автоматты өңдеу; құқықбұзушылыққа баға беру; тергеу жоспарының жобасын дайындау; қылмыстық істің қатысушылары арасындағы өзара байланыс схемасын құру.
Сонымен қатар, жүйе куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптарын өңдеп, оларды тергеу тіліне бейімдей алады. Әртүрлі айғақтарды салыстыру арқылы сәйкессіздіктерді анықтап, процессуалдық құжаттарды автоматты түрде әзірлеу мүмкіндігін де ұсынады.
– Бұл жоба тергеушінің орнын алмастырмайды, қайта оның жұмысын жеңілдетіп, процестік әрекеттерді жылдамдатуға бағытталған. Қазіргі таңда біз ІІМ мамандарымен бірлесіп, жүйені нақты әдістемелер негізінде оқытып жатырмыз. Бұл – болашақтың тергеу әдістеріне жасалған қадам, – деді жобаны әзірлеуші компания өкілі Ерғали Мәбиев.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, Қосшы қаласы үшін жобаның дер кезінде енгізілгенін атап өтті.
– Қосшы – қарқынды дамып келе жатқан қала, халық саны 120 мыңға жақындап қалды. Бұл жүйе азаматтарымызды қылмыстан қорғап қана қоймай, құқықбұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Әсіресе, интернет-алаяқтық секілді заманауи қылмыс түрлерімен күресте тиімді құрал болады деп сенеміз, – деді өңір басшысы.
Цифрлық қауіпсіздік пен құпиялылық та жобаның басты назарында. Әзірлеушілердің айтуынша, жүйе толықтай дербестендірілген және азаматтардың жеке деректерінің қорғалуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде әлемдік тәжірибеде құқық қорғау саласына жасанды интеллектіні енгізу кең таралып келеді. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмауда. «AI Тергеуші көмекшісі» жобасының сәтті жүзеге асуы – құқықтық жүйені цифрландыру жолындағы маңызды қадам. Егер Қосшы қаласындағы сынақ нәтижелі болса, жоба еліміздің өзге де өңірлерінде қолданысқа енгізілуі мүмкін.