Ауылдық медицинаға ерекше назар аударылды

0 3

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен, өңірлік басқармалар мен аудан әкімдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайы, ауылдық медициналық нысандардың құрылысы және экологиялық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Кеңесте алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова квазимемлекеттік ұйымдардың қаржылық жағдайы туралы есеп берді. Оның айтуынша, бірқатар мекемелер теріс қаржылық көрсеткіштерге тап болған. Облыс әкімі аталған ұйымдарға нақты даму жоспарын жасап, қаржылық-шаруашылық қызметті оңалту бойынша нақты іс-қимылдарды қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, алдағы бес жылға арналған қаржылық жоспар әзірлеу және мемлекеттік мүлік тізіліміндегі мәліметтерді нақтылау қажеттігі атап өтілді. Бұл шаралар өңірдегі бюджеттік тәртіпті күшейтіп, жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Кеңесте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстарға да баса назар аударылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтің мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында өңірде 65 медициналық нысан салынуы тиіс. Қазіргі уақытта 62 нысанның құрылысы аяқталғанымен, тек 17-сі ғана толық пайдалануға берілген.

Облыс әкімі бұл жағдайға қатаң сын айтып, құрылыс сапасының төмендігін атап өтті.

— Сапаға мән берілмей отыр. Бұған дейін де бақылау жүргізуді тапсырдым. Алайда, инспекторлардың тексерісі нәтижесінде бірқатар ақаулардың түзелмегені анықталды. Сондықтан бұл жұмысты күшейту керек, — деген өңір басшысы құрылыс басқармасына нысандарды қабылдамас бұрын барлық кемшіліктерді жоюды, ал аудан әкімдеріне бұл істі жеке бақылауға алуды тапсырды.

Кеңесте сондай-ақ мал қорымдарының жай-күйі мен санитарлық тазалық мәселелері де қозғалды. Облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыруды, экологиялық талаптарды сақтау үшін жергілікті полиция мен құзырлы органдардың бірлескен рейдтерін тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Өңірде жүргізіліп жатқан әрбір бастама мен жоба сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс екенін баса айтты.

Кеңес соңында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, орындалу мерзімі белгіленді.