Жамбыл облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тартылған тұрғындар саны артып келеді. Өңірде сақтандырылмаған азаматтар саны 6 мыңнан астам адамға қысқарды. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте белгілі болды.
Аппараттық жиында облыс халқын медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова баяндама жасады. Оның айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілген 2017 жылдың шілдесінен 2025 жылдың 31 мамырына дейін облыс бойынша қор есебіне 118,2 миллиард теңгеден астам жарна мен аударым жиналған. Ал, биылғы жылдың алғашқы бес айының ішінде бұл көрсеткіш 12,5 миллиард теңгені құрады. Жүйе іске қосылғалы бері Жамбыл облысының тұрғындарына 208,7 миллиард теңгенің медициналық қызметі көрсетілген. 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 127,7 миллиард теңге бөлінсе, оның 62,9 миллиард теңгесі МӘМС қоры есебінен қарастырылған.
Жыл басында сақтандырылмаған азаматтар саны 231921 адам болса, 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 225670 адамға дейін төмендеген. Яғни, 6251 адам жүйеге қосылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, Жамбыл облысы сақтандырылмағандар саны ең көп азайған үш өңірдің қатарында.
— Бұл — халықтың медициналық сақтандыруға деген қызығушылығының артқанының, сондай-ақ жүргізілген ақпараттық түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Дегенмен, әлі де атқаратын жұмыс көп, — деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Меркі, Шу және Қордай аудандарында сақтандырылмаған азаматтардың үлесі әлі де жоғары екенін атап өтіп, әрбір елді мекенде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
— Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету — басты міндет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне барлық тұрғынды тарту — осы жолдағы маңызды қадам. Қор мен денсаулық сақтау басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеп, әрбір азаматтың қамтылуын қамтамасыз етуі тиіс, — деген Ербол Қарашөкеев мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, жарна төлемеген жеке кәсіпкерлерді анықтап, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
Кеңесте сонымен қатар, өңірде сібір жарасы мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының барысы да талқыланды. Мамандар қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жұмыстың тиімділігін арттыру, халықпен тығыз байланыс орнатып, медициналық сақтандыру жүйесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.