Ұлттық мұра мен заманауилықтың үйлесімді үндесуі

0 3

Астананың қақ жүрегінде — Атырау көпірінде өткен, Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени іс-шара нағыз рухани серпіліске айналды. Алғаш рет ұйымдастырылған кешенді жоба 20 мыңнан астам көрермен мен қатысушыны жинап, ұлттық мұра мен заманауилықтың үйлесімді үндесуін паш етті.

Елордалық мереке биыл Ел күнімен тұспа-тұс келіп, айтулы күннің аясында халықтың тарихи тамырына деген құрмет пен бірлікті айқын көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күні мен Астана күнінің қатар келуінің символдық мәніне тоқталып, домбыраны — ұлт болмысының көрінісі деп атап өтті. «Қазақ — нағыз қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп тегін айтылмаған. Ата-баба аманатын сақтау – шынайы отаншылдық. Өскелең ұрпақтың төл мәдениетке қызығушылығы бізді қуантады», — деді Президент.

Кештің басты көрнекі элементі – домбыра пішініндегі алып арт-инсталляция болды. Оның ішіне кірген қонақтар «Алтын қордан» алынған аңыз күйлерді тыңдап, ұлттық үнге толы ерекше дыбыстық кеңістікке енді. Акустикалық және жарықтық эффектілер бабалардың үні мен рухын сезіндіртті.

Мерекелік іс-шара бірнеше бағытты қамтыды: Күйшілер мен серілер шеруі – Құрманғазы, Дина, Ақан сері бейнесіндегі әртістер халықпен тілдесіп, тарихи бейнелермен тірі байланыс орнатты. Домбыра шеберханасы – балалар мен жастар домбыра тартуды үйреніп, ұлттық өнерге қадам басты. Интерактив аймақтар – «Күйді тап», домбыра-пазл, викториналар және музыкалық ойындар арқылы көрермендер белсенді түрде қатысуға мүмкіндік алды. «Желмен жеткен үн» инсталляциясы – күй атаулары мен күйшілер есімдері жазылған ленталар поэтикалық композицияға айналды. Ұлы домбырашылар архиві (ЖИ көмегімен) – Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев және басқа тұлғалар «LED» экранда жасанды интеллект арқылы қайта «тірілді». «100 кітап» жобасы – домбыра туралы электронды кітап көрмесі. Домбыра кино – ашық аспан астындағы ұлттық ауыл стиліндегі киноаймақта қазақ музыкасына арналған фильмдер көрсетілді. Концерттік бағдарлама – амфитеатр сахнасында домбыра күйлері мен халық әндері шырқалды.

Бұл іс-шара – дәстүр мен технологияның синтезі. Жаңа форматта өткізілген ұлттық мереке сандық дәуірде де мәдени мұраның өзекті әрі өміршең бола алатынын дәлелдеді. Астанада өткен Ұлттық домбыра күні – кешегі мен ертеңнің арасында орнаған көркем көпір іспетті. Қазақтың мәңгілік мұрасы – домбыра, бүгінгі саналы ұрпақтың санасында жаңаша сипатта жаңғырып отыр.