Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер, жаңа мектептердің құрылысы, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңарту және жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Жиынға облыстық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты.
Құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов пен Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Түленовтің баяндамаларына сәйкес, биыл облыста екі жаңа мектеп пайдалануға берілген. Қарағайлыда – 1200, ал Бесқарағай ауданында 300 оқушыға арналған мектеп ашылды. Сонымен қатар, Водный кентіндегі 600 орынды мектеп жаңа оқу жылында іске қосылмақ. Аягөздегі мектептің құрылысы да аяқталуға жақын. Шығыс кентінде жаңа білім ордасының іргетасы енді қаланған.
Бұған қоса, алты мектепке қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. Алайда, бірқатар жобалар қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына 2,9 миллиард теңге қарастырылып, 12 мектепте шатыр, терезе және электр желісі жаңартылмақ. Облыс бойынша 85 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, кейбір нысандарда жөндеу кестеден кешігуде.
Жиын барысында облыс әкімі мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстары бойынша нақты әрі жүйелі жоспардың жоқтығын сынға алды.
– Алдағы үш жылда қанша мектеп салу жоспарланған? Құрылысы басталып, аяқталмай қалған нысандар неге назардан тыс қалып отыр? Қаржыландырусыз жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр деген жауап жеткіліксіз. Біз бірінші кезекте апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуіміз керек. Водный мен Аягөздегі мектептер 1 қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс, – деген Берік Уәли облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновке мектеп құрылыстарын тікелей бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорымен тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігін айтты. Білім басқармасына жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді. Қала мен аудан әкімдеріне мектептердің айналасындағы бей-берекет қоқыс орындары мен құрылыс қалдықтарын арнайы полигондарға шығару талаптарын қатаң сақтау міндеттелді. Бұл талап орындалмаған жағдайда мердігер компанияларға айыппұл салынатыны ескертілді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыстағы білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары әкімдік тарапынан толық бақылауға алынатын болды. Аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге тапсырылған міндеттердің орындалуын жеке қадағалайтынын жеткізді.