Қай заманда болсын, адам баласы жүрекке тыныштық, жанға сенім іздеген. Өмірдің түрлі сынақтары мен қайшылықтарының алдында шайқалмай тұру үшін адамға ішкі тірек қажет. Осы тірек – дін. Нағыз дін – тек қана сенім емес, сонымен қатар, батылдықтың, рухани беріктіктің тұрағы.
Көп жағдайда дінді әлсіздікпен байланыстырып, қиындықтан қашқан адам ғана дінге жүгінеді деген түсінік бар. Алайда, бұл – қате пайым. Шын мәнінде, дін – адамның ішкі жандүниесін тазартып, жүрегін бекем ететін қуатты күш. Қиындық келгенде жаны құлазымай, сабыр сақтап, үмітін үзбей күресе білетін адам – мықты адам. Осындай рухани күшті адамға дін береді. Құран Кәрімде: «Алла ешкімге шамасынан тыс ауыртпалық жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят) деп айтылған. Бұл – әр адамның өз көтерер жүгіне жететін қуатқа ие екенін білдіреді.
Қорқыныш – адам табиғатына тән құбылыс. Болашаққа сенімсіздік, жоғалтып алудан қорқу, жалғыз қалудан үрейлену – осының бәрі адамды әлсіретеді. Бірақ, шынайы сенім жүрекке тыныштық, санаға сенім ұялатады. Дін адамға: «Сен жалғыз емессің. Сенің арқа сүйер Иең бар» деп үміт береді. Осындай сенім адамның батылдығын арттырып, өмірдің кез келген кезеңінде дұрыс шешім қабылдауына жол ашады.
Дін тек құлшылық пен дұға ғана емес, ол – әрекет. Шынайы сенім иесі – адал, әділ, жауапты адам. Ондай адам қашанда шындықты айтуға, әділдікке қолдау көрсетуге, әлсізді қорғауға дайын тұрады. Мұндай қасиеттер тек батыл жүректе болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ең ауыр сәттердің өзінде де шындық пен әділеттен таймаған. Бұл – имандылықпен келген шынайы батырлықтың белгісі.
Ислам сенімінде Жаратушы алдында адамның жауапкершілігі мен еркіндігі маңызды ұғым ретінде қарастырылады. Адам іс-әрекетті ерік-жігерімен жасайды, ал ол істің жүзеге асуы – Алланың қалауымен болады. Бұл қағида «Саффат» сүресінің 96-аятында анық айтылған: «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты».
Алайда, тарихта адамның ерік-жігерін жоққа шығаратын ағымдар да болды. Соның бірі – «Жәбрия» ағымы. Бұл ағым өкілдері адамның тағдыры толық Алланың жазуымен белгіленіп қойған деп есептейді, яғни пенденің еркі жоқ, тек жазылғанды ғана орындайды дейді. Бұл – фатализм, яғни адамның әрекетіне еш жауапкершілік жүктемейтін бұрмаланған түсінік. Ислам сенімі бұған қарсы. Құранда Алла Тағала пендеге жақсылық пен жамандықты ажыратуға ақыл бергені айтылған. Демек, адам таңдау жасауға қабілетті, әрі сол таңдауы үшін жауап береді.
Тағдырға иман ету – әрбір мұсылман үшін шарт. Алайда, бұл – еркіндікті жоққа шығару емес. Алла Тағала пендесінің не істейтінін алдын ала білетін шексіз ілім иесі. Бірақ, пенде сол істі өз еркімен жасайды. Сондықтан адам құлтемір емес, ақыл, сана, ерік иесі ретінде жауапқа тартылады.
Қазіргі қоғамға сенімі нық, жүрегі бекем, ойы биік азаматтар қажет. Мұндай жандар дінді әлсіздіктің белгісі деп емес, рухани қуаттың, ішкі батылдықтың тірегі деп түсінеді. Себебі, жүрегі тыныш, ойы анық адам ғана қоғамға пайда әкеледі. Дін – сондай адамдарды қалыптастыратын үлкен мектеп.
Ендеше, дінге тек құлшылықтың құралы ретінде емес, жан мен жүрекке рухани күш беретін өмірлік бағдар ретінде қарай білейік.