Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Жиын барысында Самат Базарханұлы ел ішіндегі құмар ойындарға тәуелділік – лудомания мәселесінің тамыры тереңдеп бара жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл дерт жеке адамның ғана емес, тұтас отбасылардың, тіпті қоғамның күйреуіне алып келетін әлеуметтік індетке айналған.
– Лудомания салдарынан адамдар өз ақшасын ғана емес, уақытын, денсаулығын, қарым-қатынасын, болашағын жоғалтып жатыр. Бұл – тек психологиялық емес, әлеуметтік, экономикалық, тіпті ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер, – деді спикер.
Оның айтуынша, Үкімет бұл тығырықтан шығудың нақты жолдарын қарастырып отыр. «2024–2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесіне қарсы» кешенді жоспар қабылданған. Жоспар аясында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларды жарнамалауға толық тыйым салынады, құмар ойындарға қатысу жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі, борышкерлер, алимент төлемегендер, несиесі кешіктірілген азаматтар үшін құмар ойындарға заң жүзінде шектеу енгізіледі, сондай-ақ қарыз алушыларға арналған борыштық жүктеме коэффициенттері күшейтіледі.
Спикер лудоманиямен күрес тек заңмен шектеліп қалмауы керектігін, бұл жерде әр адамның ішкі дайындығы мен шешімі де аса маңызды екенін атап өтті.
– Ең алдымен адам мәселенің бар екенін түсініп, мойындауы қажет. Бұл – қалпына келуге бағытталған алғашқы қадам. Одан кейін құмар ойыннан біржола бас тарту, өзін-өзі бақылауға алып, ойынмен байланысты әрекеттерді (спорттық жарыстарды көру, демо-нұсқалар ойнау, ойын қолданбаларын пайдалану) толық тоқтату маңызды. Егер қарызы болса, оны өтеу жоспарын жасап, жаңа қарызға мүлдем жол бермеу керек. Ең бастысы – жақындарынан және мамандардан көмек сұраудан қорықпау қажет, – деді Самат Базарханұлы.
Ол сондай-ақ лудоманияның белгілеріне де тоқталды. Оның айтуынша, құмар ойынға тәуелді адамның мінез-құлқында мынадай ерекшеліктер байқалады: ставканы үнемі арттыру, ұтылған ақшаны қайтаруға тырысу, ойын ойнау үшін жалған сылтаулар табу, өтірік айту, қаржылық қиындыққа тап болу және жақын адамдардан ақша сұрау.
– Бұл белгілердің бірнешеуі байқалса, адам дереу кәсіби көмекке жүгінуі тиіс. Жамбыл облысында «Жамбыл психикалық денсаулық орталығы» бар, онда психологтар мен дәрігерлер тиісті қолдау көрсете алады, – деді спикер.
Баспасөз конференциясы соңында БАҚ өкілдері спикерге тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-шаралар, тәуелділікпен күрестің тиімді жолдары туралы тұщымды жауаптар алды.