Шаттық қаласы – Шымкентте Қала күні биыл он күн бойы ерекше аталып өтті. Онкүндік «Түркістан» сарайында «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Айтыс аламанына қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек алқалы әлеуметке құттықтау лебізін жеткізді.
– Шырайлы Шымкенттің жеті жылда жеткен жетістігі кемел. Республикалық дәреже алғанына күні кеше жеті жыл толды. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының тікелей тапсырмасымен осы мерейлі сәтті жоғарғы деңгейде атар өтуді ұйғардық. Нәтижесінде онкүндіктің аясында біраз шаруалар атқарылды. Оркестрлер шеруі, ұсталардың басқосуы, суретшілердің симпозиумы өтті. Соның ішіндегі бірі әрі бірегейі – республикалық ақындар айтысына қош келдіңіздер! Қаламызда осындай кең көлемдегі айтыс өтпегелі 5-6 жылдың жүзі болыпты. Ұлық өнерді қастерлеп келген баршаңызға жақсы рухани демалыс болсын!, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы.
Жыр дүлділдері жиналған сахнада айтыс өнері салтанат құрды. Айтыстың тізгінін белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ұстады. Қала мәдениеті мен руханияты ұлықталған іс-шарада елімізге танымал суырыпсалма айтыс өнерінің жүйріктері бір сахнада бас қосты. Елдік рухты көтерген, ұлт мәдениетін дәріптеп, жас буынға рухани тәрбие берген айтысқа еліміздің әр өңірінен халыққа кеңінен танымал ақындар қатысты. Олардың қатарында Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Арғынбек Қалбаев, Марат Ахметов, Ержан Әміров, Алтынкүл Қасымбекова, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов, Нұрғали Әнапия сынды айтыскерлер бар.
Осынау жыр аламанында шырайлы, шежірелі, құтты мекен Шымшаһардың өткені мен бүгіні ғана қамтылған жоқ. Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл, Өтебай Тұрманжановтың туғанына 120 жыл, қазақ айтысының аруанасы Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл, Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, Ұлы Жеңіске – 80 жыл сияқты тақырыптар арқау болды.
Арқалы ақындардың әрбірі Шымкентті жырына қосты. Шымқалаға небір теңеу арналды. Қала күнімен құттықтап, көркем де мағыналы жыр маржанын төкті.
Павлодардан келген Аспанбек Шұғатаев «Қала саны азайып кеткенімен, бала саны азайып көрмеген ел» десе, Арғынбек Қалбаев «Оңтүстіктің қара халқы аман болсын, Аққа аузын тигізген Алты алаштың!», «Құл қожа Ахмет Яссауиді туып берген, Қазақтың соғып тұрған жүрегісің» деген теңеулерін келтірді. «Гүл қаламыз жатыр күнде гүлденіп, Мешіттер де ашылуда түрленіп. Тілімнің де қуат-күші – Шымкент, ділімнің де шырақшысы – Шымкент» деп Нұрғали Әнапия өлеңін өрді. Жеңге мен қайнының жарасымды айтысын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен Жамбыл облысынан келген Алтынкүл Қасымбекова жасады. «Мақшардың бағында жайнаған Шымкент. Гүлзардай құлпырған, Ай туған Шымкент», «Шымкентім – шынарсың, Алыптардың алыбы» деп Алтынкүл ақын ағынан жарылды. Ал, Біржан Байтуов «Ең қымбат құндылықтың бәрі осында, ең арзан болғанымен палаулары. Өзбек, орыс, кәріс те бұл қалада, Мемлекеттік тіліне адал бәрі», деп қаламыздың бар жақсысын жырына арқау етті.
Республикалық айтысқа қатысқан барлық ақын қал-қадерінше шапты. Халық та айтысты сағынып қалыпты. Әр ақынның оза шапқан тұсында қиқулап, қолдап, қошаметтеп отырды.
Алты жұп бір күн бойы Шымкенттің халқын атадан қалған асыл мұрамыз айтыспен сусындатты. Жыр көрігін қыздырған аламанның нәтижесі бойынша Бас жүлдеге тігілген автокөлікті Нұрлан Есенқұлов жеңіп алды. Бірінші орын – Жансая Мусинаға (жүлдесі 2 миллион теңге), екінші орын – Біржан Байтуов пен Аспанбек Шұғатаевқа (әрқайсысына 1,5 миллион теңге), үшінші орын Дидар Қамиев пен Ержан Әміровке (әрқайсысына 1 миллион теңге) бұйырды. Әкімнің Майлықожа атындағы сыйлығын (700 мың теңге) Алтынкүл Касымбекова қанжығасына байлады. Қалған ақындарға 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
Халықтың жүрегінде ақындардың жүрекжарды жыры мен әуезді мақамы қалды. Бұл айтыс біразға дейін көптің аузынан түспейтіні аян.