Дәнекерлеуші Бақыткүл

0 2

Жұмысшы мамандықтары ішінде дәнекерлеушінің алар орны жоғары. Өйткені, темірмен байланысты шаруаның бәрінде дәнекерлеуші жүреді. Жұмысы ауыр, табысы жоғары мамандықтың талабы да, жауапкершілігі де жеңіл емес. Ер азаматтардың өзі ойланып баратын жұмыста әйел адамның жүруі, таңғаларлық жағдай. Дегенмен, бүгінгі күні осы мамандыққа бет бұрған нәзікжандылар қатары артып келеді. Бұл салада сіңлілерінің көбейгенін Бақыткүл Бегалиева да қош көріп отыр.

– Бүгінгі күні Президентіміздің тапсырмасымен жұмысшы мамандықтарға жақсы көңіл бөлінуде. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Мен темір дәнекерлеу ісінде жұмыс істеп келе жатқаныма 45 жыл болды. Өз басым қыз баласы ретінде осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Түрлі құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, Тараз бен Алматы қалаларындағы бірқатар биік ғимараттар мен маңызды мемлекеттік нысандардың құрылысына араластым. Бүгінде соңымнан ілескен көптеген жастарға осы мамандықтың қыр-сырын үйреттім. Әлі де білгеніммен, жинаған тәжірибеммен бөлісудемін, – дейді Бақыткүл Тұранқызы.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан ол бұл жолда мыңнан аса шәкірт тәрбиелепті. Олардың дені бүгінгі күні еліміздің түкпір түкпірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеуде.

– Маған, «бұл мамандыққа қалай келдіңіз?» деп сұрақ қойғыңыз келіп отырғанын сезіп отырмын. Мен ауылда өстім. Әкем Құлан ауылында механизатор болса, анам Уазкүл колхозшы болды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген мен 8-кластан кейін оқығым келмей, құжатымды училищеге тапсырдым. Балалықпен таңдаған мамандығым өмірлік кәсібім болып қалды», – дейді ол.

Мектептен соң, 1979 жылы Жамбыл қалалық техникалық кәсіптік училищесіне түсіп, оны 1982 жылы төртінші разрядпен тәмамдайды. Оқу орнының жолдамасымен Қарағанды индустриалды педагогикалық техникумына түседі.

– Алғашқы кезде оқу өте қиын болды. Бір жолы «Әке, мен қателесіппін, 9-класқа барайын, училище деген мен үшін түсініксіз әлем болды», дедім. Әкемнің мінезі қаталдау еді, «Жоқ, қызым түстің бе, оқисың», деп шорт кесті. Сөйтіп, алдымнан кездескен бар қиындыққа төтеп бердім. Талпынып, талаптанып жүріп орыс тілін де меңгеріп алдым. Өзіммен қатар осы мамандыққа түскен қыздардың көпшілігі тастап кетті. Ал, мен болсам, таңдаған мамандығымды меңгеру үшін практикада, одан тыс жазғы каникулда құрылыс алаңында болып, шеберлігімді арттырдым. Білместікпен темір баспалдақ астын дәнекерлеймін деп, тоқ ұрып, екі метрге ұшып түскен кездер де болды. Шамама қарамай ауыр темірлерді көтеріп, дәнекерлеген сәттер де аз болмады. Бәріне үйрендім, бәріне төздім. Енді еңбегімнің нәтижесін көріп отырмын, – дейді Бақыткүл.

Қарағандыдағы техникумды тәмамдап, еңбек жолын 1985 жылы Кәсіптік техникалық №3 училищеде оқу өндірістік шебері болып бастап, 1991 жылға дейін жұмыс істеді. Одан кейін №2 училищеде, «Аулие-ата» және «ПША-6» колледжінде мамандығы бойынша еңбек етті.

2014 жылы Тараз химия технологиялық колледжі жұмысшы мамандығымен ашылып, 2018 жылы Политехникалық колледжімен бірігіп, жұмысшы және орта арнайы мамандар даярлай бастады. Осы колледжден аға шебер лауазымына дейін жоғарылайды. Жұмыс барысында құрылыс нысандарында жұмыс істеп, шәкірттерінің шеберліктерін арттырады. Талай жылғы еңбегі ескерусіз қалмай, «Білім саласының үздігі» атанады. Одан басқа да Білім министрлігі мен басшылық тарапынан алған марапаттары баршылық.

– Аллаға шүкір, балалар, немерелер өсуде. Жұмыс істеп жүріп өзім зейнет жасына қалай жеткенімді де байқамай қалыппын. Қазір жолымды ұлым Нұрғалы Бегалиев жалғастыруда. Ол Астана қаласында тұрады. Жеке кәсіпкер. Бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарын дайындауда аянбай еңбек етуде, – дейді Бақыткүл ана.