Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі төмен №26 түзеу мекемесінде сотталған азаматтардың психологиялық саулығын сақтау және суицидтің алдын алу мәселесіне арналған арнайы жиын өтті.
Іс-шараға мекеме бастығы, әділет подполковнигі Бақтияр Онбаев бастаған жеке құрам өкілдері қатысты. Кездесу барысында жазасын өтеушілер арасында суицидтің себептеріне үңіліп, оны болдырмауға бағытталған практикалық қадамдар мен қолдау тәсілдері талқыланды.
Жиында мекеме психологы Айгерім Саурбаева эмоционалдық күйзелісті еңсеру жолдары, стресске төзімділікті арттыру, сондай-ақ өмірлік дағдарыс жағдайындағы адамдармен жұмыс істеу әдістемелері туралы баяндама жасады. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, мұндай жағдайда бірінші кезекте қандай тәсілдер тиімді екенін айтып, психологиялық қолдаудың рөлін ерекше атап өтті.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Қызметкерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейту бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Олар әсіресе сотталғандардың сенімін арттыру, ішкі мотивациясын күшейту және жағымды орта қалыптастыруға басымдық беру қажет екенін алға тартты.
Айта кету керек, бұл мекемеде сотталған азаматтардың психологиялық жағдайын бақылау және тұрақтандыру мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстар тек жазасын өтеушілер үшін ғана емес, мекеме қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын жетілдіруге де ықпал етуде.
Қалыптасқан тәжірибе көрсеткендей, осындай алдын алу шаралары адам өмірін сақтап қалуға және қоғамға қайта оралатын жандардың оң өзгерістерге бет бұруына мүмкіндік береді. Түзеу мекемесінде құрылған осындай сенім алаңдары – ішкі тұрақтылық пен психологиялық қауіпсіздіктің негізі.