0 2

Көктем айы келісімен мал шаруашы­лық­тарының жұмысы қыза түсті. Өйткені, осы кезде мал төлдету науқаны қарқын алады. Бұл – малшы қауымы үшін ең қиын да жауапты кезең. Шопандар «Қойым егізден қоздасын» деп тілесе, сақманшылар түн ұйқысын төрт бөліп, алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасады. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі.

Аграрлы Балқаш ауданында мал төлдету науқанына айрықша мән беріледі. Бұл іс аудан әкімінің назарында тұрғандықтан осы салаға жауапты маман­дар шаруашылықтарды күндіз-түні жіті бақылауда ұстайды.

Ауылшаруашылық мамандарының мәліметіне сүйенсек, өңірімізде мал өсірумен тұрақты айналысатын ірілі-ұсақты 1237 шаруашылық бар. Төрт түлікті түлеткен шаруашы­лық­тарда 115 бас түйе, 30233 бас жылқы, 104919 бас сиыр және 96558 бас қой-ешкі өсіріледі. Бүгінгі таңда 1672 бас бие құлындаса, 6807 бас сиыр бұзаулаған. Сонымен қатар, 9251 бас қой қоздап, 12583 бас ешкі лақтаған. Алдағы уақытта мал басы өз төлі есебінен көбейе түседі деген сенім мол.

Аудандағы мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтардың бірі – Бура ауылындағы «Бейбіт» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруа­шылыққа аудандық ауылшаруа­шылық бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевпен бірге барып, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмысты көріп, көңілге көп нәрсе түйіп қайттық.

Біз атбасын бұрған шаруашылық 1994 жылы Пермебек Сұлтановтың бастамасымен құрылған. Мал өсірумен тұрақты айналысуды қолға алған Пермебек Сұлтанов мемлекеттік жер қоры есебінен 650 гектар жерді жалға алып, өзі өмірден өткенге дейін ұлдары Талғат пен Бейбітті бала қырандай баптап, шаруашылықтың қыр-сырын үйретіп, қос ұлын еңбексүйгіштікке тәрбиелеген.

Әке жолын жалғастырған ағайынды Сұлтановтар бүгінде шаруашылықтың тасын өрге дөңгелетіп, мал тұқымын асылдандыру мен көбейту ісін жүйелі түрде қолға алған. Алғашқы жылдары ірі қара малдарына «Ангус» асыл тұқымды аталық қосса, кейіннен «Әулиекөл» етті бағыттағы асыл тұқымды аталық бұқаларды қосып, мал басын асылдандырған. Ал, саулық қойларына «Еділбай» тұқымды қошқарлар қосып жүр екен.

Бүгінде өркен жайып келе жатқан шаруашылықта 140 бас жылқы болса, оның 70-і аналық. Қазіргі таңда 40 бас бие құлындаған. Ал, 300 бас ірі қараның 200-і аналық. Көктем айы басталғалы 70 бас сиыр бұзаулап үлгерген. Сондай-ақ қой-ешкінің жалпы саны 800 басты құраса, мал қораларының сәнін келтіріп, 400-ден астам төл ойнақтап жүр.

Сапар барысында шопандарға арналған тұрғын үйге электр жарығы жүргізілгенін және мал төлдетуге ыңғайлы қоралардың заман талабына сай салынғанын байқадым.

Бейбіт Пермебекұлының айтуынша, қысқы мал азығы ретінде 1000 орама жоңышқа және 500 орама күріш сабаны шөп, 40 тонна жем дайындалған. Қыс айларының жайлы болуына байланысты мал азығы жеткілікті болған. Шаруашылықта 6 адам тұрақты еңбек етсе, мал төлдету, қой қырқу, мал емдеу тағы басқа жұмыстарға қосымша жұмысшылар алады екен.

Қорасында төрт түлік төлі шулаған шаруашы­лықта шопан болып еңбек етіп жүрген Сырлыбай Асқаров пен оның өмірлік жары Бекзат Ноғайбайқызы еңбектің қарақазанын қайнатып, мал төлдету науқанын қарқынды атқаруда. Оларға 5 жасар немересі Ерсұлтан да қолқанат болып жүрген жайы бар.

Иә, қазақ халқы үшін төрт түліктің өсіп-өнуі, мал басының қыстан аман шығуы аса маңызды. Жыл он екі ай тынымсыз еңбекті қажет ететін іспен айналысу – оңай шаруа емес. Өйткені, олар жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязына қарамастан, өзінен гөрі малдың жайын көбірек ойлап, мал басын көбейту жолында тынымсыз еңбек етеді. Әсіресе, малшы қауымының сыналатын осынау шағында шығынсыз төл алу үшін бар күш-жігерлерін, айла-тәсілдерін салуда. Осындай сәтте көктем көрікті, мал өрісі шүйгін, төрт түлік қоңды болсын деген тілек тіл ұшына еріксіз орала береді.