Құмар ойындардан келетін қауіп үлкен екені талай айтылып жүр. Мұндай ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен тегін емес.
Бүгінде не көп, ойдан құрастырылған, шынайы өмірге түк қатысы жоқ түрлі ойындар көп. Біреудің пайда табуы үшін ойдан шығарылған мұндай ойындар мән-мағынасыз болса да адамды өзіне елітіп әкететін қауқары бар. Айталық, карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары. Осы ойындарға тәуелді болудың жолдары бір-біріне өте ұқсас, сондықтан қайсысы болсын қауіпті.
Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ тілсіз жау деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде «Лудомания» дертін де қосуға болады. Бұл дерттің өрттен несі кем? Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды.