Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ, белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан, жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер» деп Үкімет пен әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында да туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс екенін атап көрсетті. «Жергілікті жердегі және республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар, ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет.
Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Маманнарды дайындау қажет» деді.
Президент тапсырмасын орындауды Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті бірден қолға алғандай. Мәселен, 20-25 наурыз аралдығында «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқанд-Тараз-Алматы» бағаты бойынша ұйымдастырылған туристік «Jibek Jоlу» пойызының Тараз қаласында болуы. Онда 312 турист 2000 жылдық тарихы бар ежелгі де, жаңарған қаланың көрікті жерлерін, ықылым заманнан бүгінге жеткен жәдігерлерді тамашалады. (туристік пойыздың келуі туралы мақала газетіміздің 29 наурыз күнгі нөмірінде жарияланды).
Туризм индустриясы комитеті 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында «Алматы-Түркістан-Бұқара-Смарқанд-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша жоғарыдағыдай туристік турды қолға алыпты. Бұл бағдарлама Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстанмен қатар, Өзбекстан қалаларын да қамтитын көрінеді. Сапар бағыты кеңейтіліп, Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі – Бұхара тізімге еніпті. Сегіз күндік саяхатта туристер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар қалашығын, Тараздағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерін тамашалайды. Туристік пойыз жолаушыларға ыңғайлы саяхат үшін барлық қажеттілікпен жабдықталған. Жоба іске қосылғаннан Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған танымал брентке айналып үлгерген. Биылғы тур аясында бағдарлама жаңа нысандармен толықтырылып, экскурциялар кеңейтіліп, сонымен қатар, интерактивті форматтар енгізілген.
Сәуір айында еліміз бойынша туризм саласында түрлі форматта іс-шаралар өтетін көрінеді. Әр өңірде алыс-жақын шетелден келетін және ішкі туризмді дамытуға бағытталған көрмелер, фестивальдер, оқыту семинарлары, басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтар болсақ, Алматыда 23-25 сәуір күндері айдың басты туристік іс-шарасы – 23 халықаралық «КIТF-2025» туристік көрмесі өтеді. Оған еліміз бен шетелдің туризм саласындағы жетекші өкілдер қатысады деп күтілуде. Шымкент қаласында қызғалдақтың символдық ерекшелігін дәріптейтін «Қызғалдақ жолы» фестивалі өтіп, бағдарлама аясында театрлдандырылған қойылым, шеру мен жәрмеңке өткізу жоспарланыпты. Түркістан облысында 15 сәуірде Түркістандағы этноауылда дәстүрлі неке қию рәсімі – «Neke Tour» атты ерекше шара өтпек екен.
Ақмола облысындағы жер жанаты – Бурабайда туризмді дамытуға бағытталған «туризмдегі маркетинг», «экотризмді дамыту», «гастротуризм негіздері», «агротуризм-өңір дамуының факторы», «экскурсоводтың негізгі дағдылары» атты семинарлар, тренигтер ұйымдастырылатын көрінеді.
Шығыс Қазақстан облысында 19-20 сәуір күндері Өскемен қаласындағы «Титан» спорт кешені базасында «Шығыс арғымақ» көрмесі өтеді. Бұл іс-шараның мақсаты – ат туризмінің үздік тәжірибелерін ұсыну. Атқа міну өнерін насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеу және белсенді демалысты дамыту көзделген.
Мемлекет басшысы әлемдік деңгейде Қазақстан туризмінің «визит картасына» айналуы тиіс өңірлерді еске салды. Бүгінде «Бурабай», Маңғыстау курорттық аймақтарын, Алматы тау кластерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Үш дестинация бойынша 8 бағытты қамтитын 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды түзету жұмыстары жүруде. Туристік аймақтарға бірінші инфрақұрылым тартылу керек. Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі курорттық аймақтары да туристерді мейлінше көп тартуға болатын өңір. Президент нұсқауымен ол өңірлерде әуежай құрылысы басталған.
Жалпы алғанда Қазақстанның қай өңірі болмасын туристерді көптеп тартуға сұранып-ақ тұр. Әулиелі өңір – бір ғана Жамбыл облысының өзінде мыңжылдықтар қойнауынан жеткен тарихи жәдігерлер тіпті көп. Тараз қаласы мен маңайындағы әулиелер кесенелері де алас-жақын шетелдерден және Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтарды өздеріне тартып тұрады. Облыстың он ауданында да көнеден жеткен жәдігерлер, тарихи орындар аз емес. Мұндай киелі орындар, ежелгі дәуірдің ескерткішіндей болған жәдігерлер еліміздің оңтүстігімен қатар, шығыста да, бастыста да, солтүстікте де жетіп жатыр.
Туризмді дамыту Туризм және спорт министрлігінің ғана міндеті емес. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру, Үкіметпен қатар, облыс, аудан әкімдерінің, тиісті басқарма мен бөлімдерінің міндеті екені естен шықпаса дейміз. Президенттің «Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар» дегені қай өңірге болмасын алыс-жақын шетелден туристер тартуға болатынын еске салып тұрғандай. Ішкі туризмді де дамытудың бірден-бір жолы сондай көрікті жерлерге әр өңірдің тұрғындарын тарту керек. Бұдан жергілікті және республикалық бюджетке қомақты қаржы түседі. Өркениетті мемлекеттер қазынасының бір бөлігін туризмді дамыту арқылы еселелеп арттырып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері-әріптестер де өздері тұрып жатқан өңірлердің інжу-маржандарын, ежелден жеткен ескерткіштерді, табиғат таңғажайыптарын, тарихи жәдігерлерді үздіксіз жазып, көрсетсе дейміз. Мұны да Президент Ұлытауда өткен төртінші Ұлтық құрылтайда еске салғанынын жоғары да атап көрсеттік.
Ақындар мен жазушылар, тарихшылар, басқа да өнер адамдары, әлеуметтік желіде қаралымы көп басқа да қазақстандықтар туған жерінің, тұрған өңірінің ғажайып көріністерін әлеуметтік желігі жүкетеп жатса қане. Қорыта айтқанда, әрбір азамат ортақ істен тыс қалмай, туризмді дамытуға үлес қосайық!