Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, республикалық алқалы жиындарда төтенше жағдайға әркез дайын болуға, табиғат апатынан қауіп-қатер туындаған жағдайда тұтастай халық болып жұмыла тік көтеріліп, қатердің бетін қайтарудағы ерен еңбекті де еске салып келеді. Мәселен, былтырғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Көктемгі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен, орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек. Қазіргі кезде біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет» деді.
Президенттің Жолдауда міндеттеген тапсырмасын бірінші жүзеге асыратын Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағындағы азаматтық қорғау органдары мен бөлімшелеріне басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлінісі болып табылады. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Тараз қалалық және әр ауданда аудандық Төтенше жағдайлар басқармалары бар. Облыстағы өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттері Төтенше жағдайлар басқармаларына бағынады. Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі күштері мен құралдары, яғни өрттер мен төтенше жағдайларға жұмылдырылатын күш-құралдар мыналар: Өрт сөндіру бөлімдерінде жұмыс атқаратын өрт сөндіруші-құтқарушылар және арнайы техникалары мен жарақтары; жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен арнайы техникалары мен жарақтары; судан-құтқару жасағының құтқарушылары; Төтенше жағдайлар басқармасы;
Азаматтық қорғаныс басқармасы және тағы басқа басқармалар халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында қызмет атқарады.
– Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері:
Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйелерінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету; өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру.
Ал, функциялар: азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйелерінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету; азаматтық қорғау күштерінің қызметін қамтамасыз ету; табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және облыс аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға бағытталған азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық жасау; табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүргізу; департамент пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету; жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіретін азаматтық қорғау саласындағы мәселелер жөніндегі ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға енгізу; азаматтық қорғау саласында ақпараттық-талдау қызметін жүзеге асыру.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтау, қалпына келтіру және оңалтуды қамтамасыз ету.
Комиссиясының құрамында өз құзыреті шегінде төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалалар мен апаттарды тергеуді ұйымдастыру және жүргізу.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төтенше жағдайларды жою кезінде ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдыру; азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау үшін министрлікке және жергілікті атқарушы органға ұсыныстар дайындау; қорғаныш құрылыстарын есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру; азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін даярлау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу; азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және оны азаматтық қорғаныстың бастығы – облыс әкіміне бекіту үшін енгізу; облыс аудандарының азаматтық қорғаныс жоспарларын келісу; жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу және оларды облыс әкіміне бекітуге ұсыну.
Облыс аудандарының төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын келісу; азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларының құрылымын айқындау жөнінде Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне ұсыныстар енгізу; Азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының көлемі және мазмұны жөнінде Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне ұсыныстар енгізу, қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құру бойынша ұсыныстарды азаматтық қорғаныстың бастығы – облыс әкіміне енгізу, елді мекендер мен аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінің аумақтарын өрттерден қорғауды қамтамасыз ету; өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізу; төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспарларды әзірлеу, облыс, қалалар мен аудандардың қауіпсіздік паспорттарын және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатерлерінің каталогтарын әзірлеу; жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде облыс әкімінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауы туралы ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға енгізу; төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізу, суда құтқару және сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу; облыс аумағындағы өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметін үйлестіру.
Су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу; өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органымен бірлесіп басқару, құлақтандыру мен байланыс жүйелерін дамыту және оларды қаланың аумағында пайдалануға әзірлікте ұстау; халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына төтенше жағдайдың туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел хабар беруді және оларды құлақтандыруды қамтамасыз ету; облыс аумағында бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін дамыту және жұмыс істеуін қамтамасыз ету; облыстың аумағында бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметімен автоматтандырылған жүйелердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру; өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық жүйесінің, ахуалдық-дағдарыс орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды, халықты және мамандарды оқытуды ұйымдастыру; төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлауды ұйымдастыру.
Ерікті өрт сөндірушілерді кейінгі даярлаудың бағдарламасын бекіту; өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; елді мекендер мен объектілерде өртке қарсы күреске өрт сөндіру бөлімшелерінің әзірлігіне бақылауды жүзеге асыру; су айдындарында қауіпсіздік қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру; өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жүргізуді жүзеге асыру; анықталған бұзушылықтарды жою және өрттерді болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру; анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды орындау туралы азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру.
Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамағаны үшін азаматтарға және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру, субъектiлер өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұза отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ ұйымды, объектiнi, құрылысты, ғимаратты салу, реконструкциялау, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұру. Ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға және өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуге тыйым салу; өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік құпиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді сақтауды қамтамасыз ету; өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды министрлікке енгізу; өз құзыреті шегінде терроризммен күрес жөніндегі облыстық штабтың жұмысына қатысу; өз құзыреті шегінде облыстық терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатысу; облыс бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының лауазымына тағайындалған және жауынгерлік есептен белгіленген тәртіпте шығарылған әскери міндеттілерді арнайы есепке алуды жүргізу; өтініш берушінің азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бөлігінде лицензия беруді келісу.
Өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерге, нормативтік актілерге және стандарттарға өзгерістер, толықтырулар енгізу жөнінде министрлікке ұсыныстар енгізу.
Азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және заңға тәуелді актілерінде көзделген өзге функцияларды жүзеге асыру.
Құқықтары және міндеттерін атап көрсетер болсам, өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау; мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан және азаматтардан қажетті ақпаратты және мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіпте сұрату және алу; заңнамада белгіленген тәртіпте департаменттің мүдделерін сотта қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру; департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру және өткізу; қызметтік жұмысты және орындаушылық тәртіпті бұзу фактілері бойынша қызметтік тексерістер жүргізу, олардың себептерін анықтау, талдау және бұзушылықтарды болдырмау бойынша шаралар қабылдау.
Белгіленген тәртіппен азаматтық қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік ведомстволық және мемлекеттік емес жүйелерді, желілерді, байланыс және ақпарат беру құралдарын пайдалану, облыстың құлақтандыру жүйесіне техникалық тексерулер және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар жүргізу кезінде қаланың құлақтандыру жүйесін қосу туралы өкім беру; әрекеті немесе әрекетсіздігі төтенше жағдайлар қатеріне немесе туындауына және азаматтық қорғау саласында бұзушылықтарға әкелген лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы белгіленген тәртіпте ұсыныстар енгізу; қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
Міне осындай аса ауқымды әрі жауапкершілігі зор міндетті департаментте еңбек ететін 1000-ға жуық жауынгерлер мен қызметкер абыроймен атқаруда. Облыс тұрғындарын табиғат апатынан, тұрмыстық оқиғалардан, басқа да жағдайда орын алып жататын қауіп-қатерден сақтау жолында күндіз-түні қырағы күзетте тұрған біздің қыз-жігіттеріміздің жалғыз тілегі – адамның амандығы, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Токанов.
Биылғы 24-31 наурыз аралығында құтқарушылар 29 рет жедел көмекке шықса, өрт сөндіру бөлімшелері – 20 рет, оның ішінде: өртке – 3; жану оқиғаларына – 16 (қоқыстың жануы – 5, қысқа тұйықталу – 5, қураған шөп – 4, асүйдегі тағам – 2); авариялық-құтқару жұмыстарына – 1, жедел-құтқару қызметі авариялық-құтқару жұмыстарына 9 рет шыққан.
«101» және «112» жедел қызмет нөмірлеріне 7948 қоңырау түссе, оның 664-і шұғыл сипатта болған.
23 наурызда облысық төтенше жағдайлар департаментінен 21 өрт сөндіруші-құтқарушы Ақмола облысына су басу жағдайының алдын алуға аттанып, қазіргі уақытта сонда су сору жұмыстарын жалғастырып жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта жамбылдық құтқарушылармен Целиноград ауданы, Қоянды ауылының аумағында су сору, инертті материалдар толтырылған қаптармен бөгеттерді нығайту секілді жұмыстары белсенді атқарылып, аталған аумақта бүгінгі күнге дейін 63764 шаршыметр су сорып шығарылған.
Олардың ішінде өздерінің белсенді әрекеттерімен, кәсіби біліктіліктерімен, тапсырманы тындырымды атқаратын жоғары жауапкершілігімен ерекшеленетін бірқатар қызметкерлерді ерекше атап өтуге болады. Солардың қатарында Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау старшинасы Алмас Шоңғаров та бар. Ол 1983 жылы Жуалы ауданы, Талапты ауылында өмір есігін ашқан. Алмас азаматтық қорғау саласында 2005 жылдан бері қызмет атқаруда. Ол адамдар мен құнды мүліктерді өрт пен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында аянбай тер төгіп жүрген қызметіне адал жандардың бірі әрі бірегейі. Алмас бүгінде жұбайы екеуі 5 бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Ұл қыздары да әкелерінің үйге оралуын асыға күтуде.
А. ӘБІЛ.
ҚАТЕРЛІ МАМАНДЫҚТЫ ҚАЛАҒАН
Өрт сөндіру мамандығы әлемдегі ең қиын әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Ал, бұл салада қызмет атқаратын әрбір қызметкер кез-келген сәтте түрлі сипаттағы қауіп-қатермен бетпе-бет ұшырасып, өзінің өміріне төнген қауіпке қарамастан тілсіз жаумен айқасқа түсіп, адамдарды апат аумағынан құтқаруға дайын тұратын батыл жандар. Міне, сондай жандардың бірі өрт сөндіру саласында 20 жылдан астам қызмет атқарған, Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ғалымжан Даулетбақов.
Ғалымжан 1981 жылы Байзақ ауданы, Мәдімар аулында дүниеге келген. Ш.Уалиханов атындағы орта мектепті аяқтаған соң, 2000-2002 жылдар аралығында Алматы облысы, Қапшағай гарнизонындағы №32363 аэроұтқырлар әскерінің қатарында 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. 2003 жылы Тараз қаласындағы №1 өрт сөндіру бөліміне (қазіргі №4 ӨСБ) өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызметке орналасады. Ол облыс аумағындағы тұрмыстық өрттер мен дала өрттері, сондай-ақ табиғи және техногенді сипаттағы өрттер мен түрлі апаттарды жоюға белсене қатысып, бірнеше жанды өрт аумағынан құтқарып, ерлік көрсетті.
Ғалымжан «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ және ІІ дәрежелі төсбелгілерімен, «ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл», сондай-ақ ТЖМ «Құтқарушы» төс белгісімен марапатталған. 2008 жылы Жадыра есімді сұлумен шаңырақ көтеріп, бүгінде жұбайы екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасылардың бірі. Ғалымжан секілді қарапайым еңбек озаты департаменттің мақтанышы.
С. МҰНАТАЕВА,
Облыстық төтенше жағдайлар
департаментінің бас маманы.
БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ
Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Мейрамбек Джакипбаев қазақи қаймағы бұзылмаған, өндірісі мен малшаруашылығы қатар дамыған, берекелі Мойынқұм ауданының жігіті. Бірлік ауылында дүниеге келген Мейрамбек 5 баланың тұңғышы. Ол өзінен кейінгі 4 қарындасына ағалық пейілмен қамқор болды, үлгі көрсетті.
1985 жылы Бірлік ауылындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған ол, 1995 жылы Тараз қаласы №21 М. Жұмабаев атындағы орта мектебін бітірді. 1997-99 жылдар аралығында Үшарал қаласы №21035 әскери бөлімінде бөлімше командирі лауазымында Отан алдындағы борышын өтеген. 2001-2008 жылдар аралығында ҚР Қарулы күштерінің қатарында келісімшарт бойынша қызмет атқарды. Сондай-ақ Мейрамбек 2009 жылдан бастап, Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымына орналасып, адал еңбегімен бүгінде бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілген. Ол осынау жылдар ішінде өзінің әріптестерімен бірге түрлі өрт пен апаттарды жою операцияларына белсенді қатысып келеді. Сондай қатерге толы оқиғалардың қатарында мына бір жайт көптің есінен әлі күнге шыққан емес.
2011 жылы Тараз қаласындағы 9 қабатты тұрғын үйдің 8-қабатында өрт шығады. Сол күні кезекшілік ауысымда тұрған Мейрамбек бастаған өрт сөндірушілер шақырту орнына жедел жетіп, алғашқы барлау жұмыстарын жүргізді. Жедел түрде газ-түтіннен қорғау буынына қосылған жігіттер бет шарпитын қызыл жалын мен тынысты бітейтін қою қара түтіннің арасына кіріп, пәтер ішінде қалып қойған адамдарды іздей бастайды. Ал, бұл уақытта өзге өрт сөндірушілер қызыл жалынға су шашып, өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Мейрамбек жанындағы серіктерімен бірге 8-қабатқа көтерілгенде кішкентай балалардың тұншыға жылаған дауыстарын естиді. Жедел түрде дауыс шыққан маңға шолу жүргізген олар ас бөлмесінде 5-6 жасар қызды көрді. Қыз інісін өрттен қорғау үшін, үстіндегі киімімен орап, столдың астына тығылған екен. Егер өрт сөндірушілер дер кезінде ішке кірмегенде, әлі балалардың қандай күйде боларын ішкім де көз алдарына елестете алмас. Осылайша өрт сөндірушілер әлгі кішкентай ұл мен қызды құтқарған. Бұл уақытта балабақшада жұмыс атқаратын анасы да оқиғаны естіп, жедел жетіп, тіпті балалардың өрт ішінде қалғандарын естігенде талықсып та кетеді. Бірақ, ұл, қызының аман екендігіне көзі жеткен соң, есін жинап, құтқарушыларға алғысын айтқан. Міне, әрбір құтқарушы осылайша өздерінің өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан өзге жандарды ажал тырнағынан құтқаруда.
2001 жылы отбасын құрған Мейрамбек жұбайы Халима екеуі бүгінде Аружан, Нұрбек, Жасмин, Камила есімді 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі. Ел азаматтарын түрлі қауіп-қатерден құтқарып, апаттарды жоюда аянбай тер төгіп келе жатқан Мейрамбек секілді өз ісінің үздік азаматтарынан кейінгі жастардың үйренері көп. Ендеше, адамдардың өмірі үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай өздерінің аз да болса ықпалын тигізіп келе жатқан Мейрамбек секілді қарапайым еңбек азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ,
Облыстық төтенше жағдайлар
департаментінің баспасөз хатшысы.