Темір тұлпар тізгіндеген ару

0 2

Бүгіндері қыз балалар меңгермеген мамандық, олар бағындырмаған биік қалмаған болар, сірә?! Орайы келгенде Қаскелең қаласындағы автобус паркінде қызмет ететін нәзік жанды жалғыз жүргізуші Әйгерім Жензақова жайлы әңгімелеуді жөн көрдік. Оның қыздарға тән емес тағы бір хоббиі бар. Ол – қыран құстарға, бүркітшілікке деген ерекше қызығушылығы.

Ертеректе темір тұлпар­ тізгіндеген әйелдер қауымын сирек кездестіруші едік. Бүгінде бұл қалыпты көрініске айналған. Деген­мен, қоғамдық көліктің жүргізушісі болу әйелдер үшін әлі де болса күрделі де ауыр жұмыс саналатыны рас. Бірақ, Әйгерім өз таңдауымен осы қалыптасқан түсінікті бұзуға үлесін қосып келеді.

Әйгерім Жензақова Бекболат ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайдар Қаскелең автобус паркінде 25 жылдан астам уақыт жүргізуші болып еңбек еткен. Әйгерім кішкентай кезінен әкесімен бірге жұмыс орнына барып, оның көлігін жөндеуге көмектесіп, көп уақытын сонда өткізетін.

– Көлік басқаруды әкемнен үйрендім. Ол маған көліктің тежегіші мен «газын» қалай дұрыс қолдану керектігін түсіндіретін. Үнемі «Қызым, тыңда және есіңде сақта. Болашақта бұл саған пайдалы болады» деп ескертуден жалыққан емес. Кейін мен әкемнің автобусында кондуктор болып еңбек жолымды бастадым. Міне, сол кезде жүргізуші болу арманыма айналды, – дейді Әйгерім Қайдарқызы.

Дегенмен, әкесі мен анасы қыздарының бұл таңдауын бірден қолдамағаны рас. Сондықтан орта мектепті бітірген жылы шешесінің кеңесімен Үшқоңыр су шаруашылығы колледжіне түсіп, бухгалтерлік есеп және аудит мамандығын меңгереді. Бірақ, диплом алғанымен, ол бұл мамандық бойынша жұмыс істемейді. Себебі, ол саланы өзіне жақын санамайды. Кейін анасы Әйгерімге компьютерлік сауаттылық курстарын тәмамдауға кеңес береді, бірақ бұл бағыт та оны қызықтырмайды. Қызының алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы мен сенімділігін көрген анасы оның жүргізуші болуына ақыры келісімін береді. Нәтижесінде Әйгерім Қаскелең автобустар паркіне жұмысқа тұрып, жүргізуші болып қызмет атқара бастайды.

Жүргізуші әйелді көргенде жолаушылар түрліше сезімде болады екен. Көпшілігі алғашында таңқалатыны рас. Әйгерімнің сабырлы мінезі, адамдармен достық қарым-қатынасы, айналасындағылармен тіл табысу қасиетінің арқасында ешқашан жолаушылармен жанжалдасып көрген емес.

– Қоғамдық көлікті басқару үлкен жауап­кершілікті және күш-қуат пен төзімділікті талап етеді. Бұлар кәдімгі жеңіл көліктерден әлдеқайда күрделі. Өз өмірің ғана емес, жолаушылардың тағдыры үшін де жауап бересің. Көлік жолда бұзылып қалғанда, көмекке әріптестерім келеді. Бірақ, менде бұл жағынан да тәжірибе бар. Менің әкемнен алған дәрістерім көп көмегін көрсетеді. Сонымен қатар, көлікке тек жақсы көңіл-күймен отыру керек, өйткені бұл жолаушыларға әсер етеді. Он жылдан астам уақыт ішінде мен әртүрлі адамдармен жұмыс істедім. Алғыс сөздер естігенде, көңіл күйім көтеріледі, өмірге деген күш-жігер пайда болады, жүргізуші болуға деген құштарлық оянады. Сонымен қатар, бұл менің дұрыс таңдау жасағанымды айғақтап, атқарған еңбегімнің қоғамға пайдалы екенін сездіреді, – дейді кейіпкеріміз.

Әйгерім жүргізуші ретінде жол қозғалы­сының ережелерін мұқият меңгеруге мән береді. Себебі, ол өзінің және барлық жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Статис­тика бойынша жол-көлік оқиғалары­ның 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады. Сондықтан жол ережелерін білу және сақтау аса маңызды. Сонымен қатар, жүргізуші ішімдік немесе есірткі тұтынған күйде рөлге отырмауы тиіс. Бұл тіпті, ауыр жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін, – дейді Әйгерім бізбен әңгімесінде.

Әйгерім өзінің ұжымында үлкен құрметке ие. Бұл – оның нәзік жан болғандығынан емес, керісінше оның батылдығы, шешім қабылдай білуі және қиын сәттерде көмек көрсету қабілеті үшін көрсетілетін құрмет. Әріптестері оны «батыр» деп атап, жақсы көреді. Автопарктің басшылығы да оның қызметін жоғары бағалайды.

– Мен жұмысымда қатты шаршаймын деп айта алмаймын. Мүмкін, бұл мамандықтың мені қызықтыратындығынан шығар. Өзімді кеңсе, сауда немесе өндіріс жұмысында елестете алмаймын. Бос уақытымда мен бүркітшілікті үйренудемін. Бұл да ер адамдарға тән кәсіп, бірақ маған ол қызықты. Кейде өзімді бүркіт сияқты сезінетінім бар. Тағдырға қарсы ұшып, биікке ұмтылуды жаным қалайды. Мен өзімді бақытты жан санаймын, өйткені өмірде өз жолымды таптым, – дейді Әйгерім.