Ақынжанды кенші

0 4

Кенші жігіттердің ішінде әнші де, ақын да, сазгер де бар. Шетінен өнерлі. Ал, өндіріске келгенде еңбектің қараторысына айналып шыға келеді. Жер қойнауынан құт шығарып, ел ырысын еселейтін олардың маңдай тері шынымен қастерлі. Солардың бірі – қарағандылық кенші Ернат Кемалов. Ұжымында қадірлі еңбек озаты. Сондай-ақ оның да «өлең-сөзге бар таласы».

Ернат Сейітқазыұлы өндіріс­тегі еңбек жолын 2016 жылы «Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазған» байыту фабрикасында бастаған. Одан соң «Абыз» кен орнында, «Құсмұрын-Ақбастау» кенішінде еселі еңбек етті. Қазір «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Хаджиконган» карьері геология бөлімінің тау-кен жұмысшысы. Мұнда вахталық әдіспен еңбек етіп жүр. Жеті күн күндізгі, жеті күн түнгі ауысымда жұмыс істейді.

«Өндірістегі үдеріс сағат тілі сияқты үздіксіз тоқтамауы ке­рек. Еңбек ағыны тынымсыз жалға­са береді. Сондықтан жеті қат жер астындағы жұмысқа жоға­ры жауапкершілікпен қараймыз. Әсіресе, техника қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Біреуіміз қателік жіберіп алсақ, барлы­ғы бірдей зардап шегеді», дейді Е.Сейітқазыұлы.

Еңбекпен жастайынан шың­дал­ған оның қолынан көп шаруа келеді. Құрылысқа да құмбыл. Шаруаның қай-қайсысына болсын ширақ. Өндіріс саласына кел­генінше түрлі жұмыс ат­қар­ды. Дегенмен, өзі оқып-тоқы­ған мамандықпен мықтап шұғыл­данып, содан береке тапқысы келді. Сөйтіп, ойлағаны орындалып, арманы алдынан қарсы жолықты.

Отбасына маңдай тер, табан ақымен табыс әкеліп отырған азамат бір қыз, қос ұлдың әкесі. Балаларын да жастайынан үйдегі шаруаға жұмсап, еңбекке баулып отырады. «Білгендері ертең өздеріне жақсы», дейді.

Ернат жұмыстан тыс, қолы қалт еткен шақта өлең жолда­рын қағазға түсіреді. Шығарма­шылығын еңбегімен ұштастырып, өлең жолдары арқылы өмірдің мән-маңызын жеткізіп жүрген қалам иесі. Оның әр жазған өлеңі­нен жан дүниесін жарып шыққан шынайы туындыны аңғаруға болады.

«Бекем бол, кенші, абайла,

Өмірің қымбат талайға.

Бастамас бұрын жұмысты,

Қауіпсіз бе екен, соны ойла!

Қағамын белге мен қазық,

Тереңге түсіп, кен қазып,

Жоспарға жетпей тыным жоқ,

Берем деп ойла елге азық!», – деген өлең жолдарынан кәсіби кенші мен сыршыл ақынның жүрек сөзінің тоғысқанын ұғынасыз. Өндірісті де, өмірді де қатар жырлап жүрген Ернат еш уақыт қаламын суытқан емес. Әріптестері бір уақыт демалып отырғанда өлең оқып беруге қолқа салады. Сонда Ернат осы бір жырды тебіреніп тұрып, оқып береді. Тіпті, қасында жүрген екі-үш кенші жаттап алыпты. Сөй­тіп, қара жұмыстан қажыған жігіттер­дің еңсесін қайта тіктеп, рухын оятады. Одан кейін ауылына, жақындарына жазған өлең­дерін жолдайды. Осылайша, кәсіби кен­ші жерастында кен қазып қана қоймай, желпініп жыр оқып та жүр.

Еңбектің қараторысы болған Ернат мәдениетке тіпті жақын. Кеншілер қаласында өтетін әдеби, шығармашылық кеш, концерттердің қашанда бел ортасында жүреді. Өнерді өте қатты бағалайды.

«Күнбе-күн адам көзіне іліге бермейтін, қара нар ғана тартатын қажырлы жұмысты тақ тұрып атқарып жүрген кеншілер қауымына құрметпен қарап, биылғы жылды Жұмысшы ма­ман­дықтары жылы деп жария­­лаған Мемлекет басшысы­ның бағ­дары көп жайдан хабар бе­реді. Өмірімнің мәнін де, барын да өндірістен таптым. Өлеңімді де өлтірмедім. Еленсе, еңбек адамы еленсін. Қай жерде де олардың тынымсыз тірлігі лайық­ты бағасын алып, жүрген-тұрғаны елге үлгі болса, кейінгі жастарымыз да еңбекке деген көзқарасын түзете түседі», дейді Ернат.