Шалғайдағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты». Аталған жоба аясында біреулер жаңадан кәсіп бастап жатса, енді біреулер кәсібін кеңейтіп, табысын арттыруға мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікке ие болған жерлестеріміз жайлы жақынырақ білу үшін «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ұйымдастырған баспасөз турымен Саймасай ауылына арнайы бардық.
Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылының аумағында орналасқан «Rancho Assorti» ауылшаруашылық кооперативі бүгінде бөдене өсірумен айналысады. Бастапқыда жеке кәсіпкер Абыл Ақынов құс фермасын ашудың пайдасы мен қиындығын жан-жақты зерттеп, 400 бөденені балапанымен әкеліп, шағын істі қолға алады. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы жергілікті әкімдіктен біліп, мемлекеттің қолдауымен кәсібін кеңейтіп, кооператив құрады.
Мемлекеттен 2,5 пайызбен 29 миллион теңге қаржы алып, оған инкубатор, брудер, вентилятор, генератор, тоңазытқыш, вакууматор, құсты сою және тазалау жүйесі сынды бөдене фермасына қажетті құрал-жабдықты түгел алған кооператив бүгінде еңбектің жемісін көріп отыр.
«Әр істің берекесі бар. Тек ерінбей, кәсіптің көзін тауып, соны жолға қою керек. Бөдене шаруашылығында бүгінде біраз тәжірибе жинақтап қалдық», – деген кооператив жетекшісі Абыл Ақынов фермада жылу жүйесі, вентиляция, құстың жем-суын беру мен орындарын тазалау да автоматтандырылғанын айтады.
Бүгінде шаруашылықта бес мыңға жуық бөдене бар. Бір құс айына 25 шақты жұмыртқа туады. Мамандар бұл өнімділік Қонаев қаласында орналасқан «Алель Агро» зауытында дайындалатын арнайы жемнің нәтижесі екенін айтты. Құс басын арттыру үшін инкубаторда жұмыртқадан балапан шығарып отыр. 17 күн инкубациядан кейін жаңа шыққан балапан үш апта арнайы жасалған жылы ұяшықта болады. Одан соң үлкен бөденелердің қатарына қосылып, жұмыртқалай бастайды. «Rancho Assorti» ауылшаруашылық кооперативі басымдықты ет өндіру ісіне қойып отыр. Мұнда айына 300-400 килограм ет шығарылады. Ол өнім мейрамханаларға жөнелтіледі.
«Алматы облысына «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылдың мамыр айында 8,5 миллиард теңге бөлінді. Ол қаражат түгелдей игеріліп, былтыр желтоқсан айында қосымша тағы 2,5 миллиард теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеге 186 жоба қаржыландырылып, жұмысын жасап жатыр», – деген «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның PR-менеджері Руслан Ескендір бағдарлама аясында ауыл тұрғындары 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиені 5-7 жылға ала алатынын, ол қаржыға мал, құс, жылыжай, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге қажетті құрал-жабдық сатып алуға болатынын жеткізді. Биыл аталған бағдарламамен өз кәсібін бастаушы кәсіпкерлерге берілетін максималды қаражат 9,8 миллион теңгені құраса, ауылшаруашылық кооперативтері 31,5 миллион теңгеге дейінгі қаржыны жеңілдікпен ала алады.