Еті – ем, шұбаты – шипа…

0 7

Түйе етінің ем екені, шұбатының шипалы сусын саналатыны, өркеш майы анау-мынау ауру-сырқаудан айықтыра алатыны ел ішінде аз айтылмайды. Бірақ, шынын айтқанда, қандай ауруларға шипа болатынын көбіміз біле бермейміз. Бүгін соны біршама тарқатыңқырап айтсақ…

Түйе дегенде көз алдымызға шөл даланы кесіп өтіп бара жатқан керуен елестейді. Зіл-батпан қоржындарды артып алып, жал-жал құмдарда апталап, айлап жүретін жануардың шыдамдылығы таң қалдырады. Ертеде түйелі көшті «сахараның салтанаты» деп те атаған екен.

Жалпы, түйені түлік төресі деп бекерге айтпаса керек. Түйемен бірге кие қонады деген де наным бар. Қазақ әдебиетінің алыбы атанған Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деп аталатын кітабында бұл туралы кеңірек айтылады. Сол кітапта «Қазақта «Түйелі бай қонады сортаңды алып» деп басталатын өлең бар. Бұлай деудің себебі, ертедегі түйелі байлар  суы тұзды көлдердің, теңіздердің, өзендердің бойларына өсімдігі ащы сортаң жерлерге қонады. Мысалы, қазіргі Ақтөбе облысының сортаңды, шақатты жерінде, өткен ғасырда Қара есімді бай болып, оған «отыз соқыр» аталған түйе табыны біткен. «Соқыр» дейтіні есебінен жаңылмау үшін, әрбір жүзінші түйенің сол жақ көзін шығарады екен. Сондай соқырлар, Қарада отыз болған, яғни үш мың түйесі болған» деген жолдар бар.

Қазақ үшін киелі саналған жануар кеңес өкіметінің тұсында күрт азайып кетті. Оған атеистік көзқарастың да кесірі аз тиген жоқ. Себебі, кеңестік қоғам – қазақ төре түлік, байлық басы санайтын түйе малына тым салқын қарады. Шөлін сырамен басып, ләззатты шөлмектен іздейтін ұрпақ қымыз-қымыранның қадірін қайдан білсін?! Малдың ішінде жылқы мен түйені өгейсітіп, оларды өсіріп, өндіруге пәлендей көңіл бөлмеді. Бірақ, ағарғанның қасиетін білетін текті қазақ тәуелсіздік алғаннан кейін түйе шаруашылығына қайта жан бітіре бастады. Бүгінде ауыл-ауылдарда өріп жүретін ойсылқара түлігінің шипалы шұбатына деген сұраныс арта бастады. Айталық, Шымкенттегі Темірлан тас жолының бойындағы «Желмая» дүкені тек түйе, жылқы еті мен қымыз-қымыран, табиғи сары май сатады. Қашан барсаңыз да алдынан адам үзілмейтін дүкендегі түйе етінің келісі 1500 теңге болса, қымыранының әр литрі 600 теңгеден сатылып жатыр. Ал, жылқы еті – 2300 теңге. Әрі арзан, әрі сапалы болған соң бүгінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқан.

Ойсылқара түлегінің түрі көп, бірақ бізде соның екі түрі өсіріледі. Біріншісі – сыңар өркешті түйе. Оның төлдейтіні «аруана», аталығы «үлек» деп аталады. Екіншісі – екі өркешті. Оның аналығын «інген», аталығын «бура» дейді. Біріншісі жүні селдірлеу болған соң ба, суыққа төзімсіз келеді. Майлылығы төмен демесеңіз, қос өркештіге қарағанда сүтті көп береді. Екіншісі ыстыққа да, суыққа да төзімді. Алғашқысына қарағанда әлдеқайда салмақты болатын оның сүті аздау болғанымен өте қою әрі майлы. Мамандардың айтуынша, өңірімізге табиғаты қатал, тұщы су көздеріне тапшы, топырағы да тұзды, ақ от, ебелек, изен, күйреуік, түйежапырақ, алабота секілді бірегей ащы шөп қана өсетін болғандықтан, түйенің осы түрінен өзгесінің жерсінуі, өсіп-өнуі, мол өнім беруі екіталай. Айтпақшы, түйенің нармая дейтін де түрі бар. Ол үлек пен інгенді қайыту нәтижесінде алынған. Нармаяның күші мол, етті, денесі ірі, қылшық және мамық жүндері аралас, інгеннен әлдеқайда сүтті, сүті қою, майлы, өте тез ет алғыш, табиғи жайылымға бейімделгіш, суыққа да төзімді. Нармая мен бураны будандастырудан алынған қоспақ та сүті аз болғанымен, басқа өнімі жағынан нармаядан кем түспейді. Нармая мен үлектің будан төлі – кезнарды тек жүнінің селдір, сүтінің сұйықтығымен ғана ажыратуға болады.

Түйе сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, ірімшік дайындалса, еті тағамға қолданылады. Етінің де, сүтінің де емдік қасиеті мол. D дәрумені жетіспеушілігімен ауыратын адамдар шұбат ішсе тез жазылады. Бiр литр шұбат ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін толықтай қанағаттандырады. Ішек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Ғалымдар шұбатпен өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының бітеліп қалуын емдеуге болады дегенді айтады. Оның үстіне бүгінде екі адамның бірінде кездесетін дисбактериоз дертіне таптырмас ем. Сондай-ақ, никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді.

Түйенің тағы бір қасиеті, қорек талғамайды, ұзын сирақ жануар тісіне ілінгенді талғажау етіп жүре береді. Ащы шөп жеп тәтті сүт беретіні таң қалдырады. Жарықтықтың сүтін шикілей ішсең тәнге қуат, пісіріп-баптасаң балқаймақ болады. Ірімшігі тіл үйіреді. Майлы құрты таңдайыңа татиды. Сүтін ашытып, бабына келтірсең жан сарайыңды сергітетін ақ шұбатқа айналады. Міне, осыншалық мәнге ие сусын ежелгі заманда «Корольдер сусыны» атанған көрінеді. Қазіргі таңда өзекті проблемаға айналған қант диабеті, туберкулез, тері және қатерлі ісік сияқты аурулардың бірбен-бір емі ретінде де шұбат ұсынылады. Қазақтың кең байтақ жерінде түйе шаруашылығын  дамытса, одан ешкім ұтылмас еді-ау…

Бұл түліктің еті мен сүті қандай ауруларға ем екеніне де қысқаша тоқтала кетейік. Ұзақ жылдардан бері ұлттық сусынның қадір-қасиетін зерттеп жүрген жоғары санатты дәрігер Әділхан Аймағамбеттегінің айтуынша, түйе түбіті бедеулікке де бірден бір ем. Бала көтермей жүрген келіншектер түйенің бақайшақ майын алып, оған түбіт жүнін шылап, етеккірден арылғанда жатыр мойнына қойса, бала көтеруге ықпалын тигізетін көрінеді. Теріге ақтандақ түссе, жаңа сойылған түйенің өкпесін таңса жазылады. Сал ауруына шалдыққандар адыраспанға түйенің несебін құйып қайнатып, жылы кезінде қол-аяққа биіктеу ұстап сорғалатып құйып сорықтырса шипалы болмақ. Түйе жүнінің түбітін күйдіріп, ұнтақтап қан аққан жерге сепсе, қан бірден тыйылады. Қол-аяқтың буыны іссе, түйе шудасын ерітілген тұзға немесе сірке суына шылап, таңып қойыңыз. Күніне бірнеше рет жаңалап тұрады, мұны «сорбақта» деп атайды. Ішке жел қарысса, өркеш майымен сылау керек. Түйе сүтін тұрақты ішкен адамның ішкі ағзалары жақсарып, семіреді. Қарттарға әлсірегенде бір мезгіл шұбат ішкізсе, балбырап терлейді, ұйқысы жақсарып, сергек күйге енеді. Асқазан-ішек жолдарына қара жел байланып, ас қорытуы нашарласа, іші тазартылған сырлы шәйнекке су құйып, оның үстіне қалампыр, қара бұрыш, тұз, шай салып, тезек отынмен шымырлатып қайнатады. Шәйнектегі дәрі-дәрмектердің нілі шыққан кезде 2 кеседей түйенің шикі сүтін косып, қайта кайнатады. Дәмдендіргіш әбден шығып болған соң қызыл күрең шайға қаймақ, сары май қосып ішеді. Бірақ, бұл шайдың күштілігі сонша оны жүрегі ауыратындарға ішуге тыйым салынады.