Қызылордалық диқандар орақ науқанына сақадай сай

0 7

Ел экономикасында аса маңызды орын алатын саланың бірі – ауылшаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда дамыған агроөнеркәсіп кешенін құру мәселесін көтерді. Онда ауылшаруашылығы саласының еліміздің негізгі ресурсы бола тұра, барлық мүмкіндіктері мен әлеуеті толық пайдаланылмай тұрғанына назар аударылған. Сонымен қатар ол ауылшаруашылығы жерлерін тиімді игеруді қолға алу, фермерлерге өз өнімдерін сыртқа шығарып өткізу үшін барынша қолдау көрсету, салаға шетелдерден инвесторлар тарту мәселелерін шешуді атап көрсеткен болатын.

Қазіргі уақытта Үкіметтің негізгі мін­деттерінің бірі ұлттық экономиканың негізгі алға сүйреуші күші ретінде АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бо­лып табылады. Яғни, астық сақтайтын қоймалардың, элеваторлардың жаңа өнім қабылдауға дайындығы, экспорт мүмкіндіктері және егін жинау кезіндегі ықтимал тәуекелдер мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Диқандардың ерте көктем келісімен жерге дән сеуіп, оны жаз бойы аптап ыстықта баптап, нәтижесінде қоңыр күзде өнімді ысы­рап­сыз жинап алуды көздейді.

Ауылшаруашылығы министрлігінің болжауынша, ауа-райының қолайлы жағ­­дайы мен егіннің қазіргі жай-күйі өнім жинау көлемі орташа көр­сеткіш­терден жоғары болады деп күті­луде. Астық қоймаларында осындай үлкен ауыспалы қалдықтар болған жағ­дайда әкімдіктерге қазірдің өзінде жаңа ас­тықты қабылдау және кеп­тіру қуат­ты­лығы бойынша барлық ұйым­дастыру шараларын пысықтау қажет, яғни ас­тық қолайсыз ауа райы жағ­дайында да­лада дымқыл болып қал­мауы тиіс.

Қазіргі уақытта елімізде астық сақ­тауға арналған қоймалар сыйым­ды­лы­ғының көлемі шамамен 30 млн тоннаны құрайды, оның 13,4 млн тон­насы 191 лицензияланған астық қа­былдау кә­сіпорнына, ал 16,6 млн тон­насы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймасына тие­сілі. Мұндай сыйым­дылық ауқымы ор­­таша жылдық өнім көлемін және ауыспалы астық қо­рын сақтау үшін жеткілікті. Биылғы 1 шілдедегі деректер бойынша елде астық қоры 6,1 млн тоннаны құраған, оның 4,5 млн тоннасы – азықтық, 1,4 млн тоннасы – жемдік астық.

Егін егіп, жерді игеру екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес екені белгілі. Астықты толық жинап бол­ған соң, өнімді экспортқа жө­нелту тағы бар. Мәселен, былтыр Қа­зақ­стан­нан Қытайға теміржол ар­қылы ас­тық жеткізу көлемі рекордтық 2,2 млн тоннаға жеткен. Бұл нәтиже 2023 жыл­ғы наурыздан бастап Үкімет, ҚТЖ және салалық қауымдастықтардың бір­лес­кен күш-жігерімен астық жүктерін астық тасымалдаушылармен тиеп-жө­нелтуді қайта бастау арқасында мүмкін болған. Былтыр теміржол арқылы 757 мың тонна астық жөнелтілген. Алдағы уақытта еліміз Қы­тайға экспортқа 2 млн тоннадан астам астық жіберуге дайын.

Биыл Қызылорда облысы бойынша 191,5 мың гектарға ауылшаруа­шылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 83,1 мың гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға, оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға азайтылған. Биылғы жылы да ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру жұмыстары жалғасын тапқан. Нәтижесінде қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдар мен картоп, кө­көніс дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылған. Бұдан бөлек облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұр­ғын­­­дарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында 5 мың отба­сына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 3364,4 гектар жер дайындалған. Бүгінде 2225 отбасы дайындалған 1615 гек­тар жерге егін еккен, оның ішінде 192 гектарға картоп, 410 гектарға көкөніс, 631 гектарға бақша дақылдары орналас­тырылған.

Сонымен қатар көктемгі егіске қажетті 63,3 мың тонна минералдық тыңайтқыштар толық пай­да­ланылса, күріш егістігінің 52,7 мың гектарына хи­миялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде барлық 3799 ауылшаруашылығы техникасы жөндеуден өткізіліп, егін егу жұмыстарына қатысуда. Облысқа көктемгі егіс егу мен дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 13,9 мың тонна арзан­датылған дизель отыны бөлінген.

Өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 1 мамырына облыстан 12,5 млн долларды құрайтын 22 мың тонна ауылшаруашылығы өнімдері, яғни күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс әлемнің 15 мемлекетіне экспортталған.

Одан бөлек өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 406 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде 713 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 275 адам жаңадан кәсібін ашқан болса, 438 қосымша жұмысқа тартылған. Биыл да республикалық бюджет есебінен 575 жоба қаржы­ландырылып, 610 жұмыс орнын ашу көзделген.

Аудандағы ахуалға тоқталсақ, 6 айда өңірде мем­лекеттік қол­даудың арқасында салада 2,737 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,7 пайызға орын­далған. Ауылшаруашылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 2024 жылдың 1 маусымында 417,3 млн теңгеге орындалған. Бұл да былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 есеге артқан. Алты айда ауданда мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 2,737 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада 101,7 пайызға орындалғанын бағамдаймыз. Биыл ауылшаруашылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 417,3 млн теңгеге орындалған.

Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыс­тарын үнемі жүргізіп келеді. Биыл 669,4 млн теңгеге 13 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Көктемгі науқанда техникадан мәселе болмаған. Жыл сайын күзгі науқанда өнімді жауын-шашынға қалдырмай, жинап алып жатыр. Биыл да мәселе болмайды, яғни өңір диқаншылары орақ науқанына сақадай сай.